Н.Назарбаев жұма күні Астананың даму келешегіне арналған кеңес өткізді - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+14 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Н.Назарбаев жұма күні Астананың даму келешегіне арналған кеңес өткізді

Н.Назарбаев жұма күні Астананың даму келешегіне арналған кеңес өткізді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлады елбасының баспасөз қызметі.

  • 5 Маусым 2011
  • 600
Фото - Caravan.kz

Кеңеске Премьер-министр Кәрім Мәсімов, Президент әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, сондай-ақ Президент Әкімшілігі, Премьер-министр кеңсесі, Президентке бағынысты мемлекеттік органдар, орталық атқарушы органдар, Астана қаласы, қалалық департаменттер мен басқармалар, Ақмола облысы аудандары әкімдіктерінің басшылары, Астана қаласы мәслихатының депутаттары, екінші деңгейлі банктер, мемлекеттік кәсіпорындар, ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты.

«Қазақстан» орталық концерт залына келгеннен кейін Мемлекет басшысы жаңа архитектуралық жобалармен, қаланың коммуналдық шаруашылығын басқарудың электрондық жүйесімен, елорданың көлік инфрақұрылымын дамыту картасымен таныс болды.

Кеңесті аша отырып, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан биылғы жылы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтетінін айтты.

— Біз жалпы алғанда, еліміз бойынша қол жеткізген зор табыстарымызды атап өтеміз, оның ішінде Астанаға ерекше тоқталатын боламыз, — деді Президент.

Мемлекет басшысы бүгінде Астана ТМД-дағы ең қолайлы қалалардың бірі ретінде танылғанын атап өтті. Астаналар мен ірі қалалардың Халықаралық Ассамблеясы өткізген байқаудың қорытындысы бойынша Астана ТМД-дағы 81 қаланың арасында үздік деп жарияланды.

Тек 2000 жылдан бастап ішкі өңірлік өнім 16 есеге өсті, ал жан басына шаққанда – 9 есеге жетіп, 18,5 мың АҚШ долларын құрады. Бұл Қазақстан бойынша орташа алғанда, екі есеге артық. Бұл Орталық және Шығыс Еуропадағы дамыған мемлекеттердің деңгейі. Яғни, Еуропалық Одақпен деңгейлес.

Осы жылдарда инвестиция мен өнеркәсіп өндірісі 6,5 есе, шағын бизнес өнімдері – 9 есе, тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі – 10 есеге өсті. Қаланың бюджеті 10 есеге өсіп, 2 миллиард долларды құрады. Қырғыз Республикасының мемлекеттік бюджеті, салыстырып қарасақ, 1,8 миллиард доллар.

— Осы жылдардың ішінде, дағдарыс кезеңінде де, жоғарғы қарқын сақталуда. Біз тұрып қалған жоқпыз, жұмыс істедік, өйткені елорда – біздің ортақ жұмысымыз, ортақ мақтанышымыз, ортақ міндетіміз, — деді президент.

Астана осылайша еліміздегі адам даму индексі бойынша ең жоғары көрсеткішке ие. Мұнда бала өлімінің көрсеткіші төмен – еліміз бойынша 2 есеге төмен. Соңғы 10 жылда бала туу 2,5 есеге артты, жалпы адам өлімі 1,5 есеге төмендеді, халықтың табиғи өсімі 6 есеге артты. Соның нәтижесінде өмір сүру ұзақтығы Астанада 74 жасқа ұлғайды. Бұл республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш.

Медициналық кластер табысты жұмыс істеуде, үздік шетел мамандары тартылуда. Халықаралық деңгейдегі зерттеу орталықтары бар «Назарбаев Университеті» ашылды. Осы жоғары инновациялық оқу орны үшін абитуриенттер, студенттер даярлайтын интеллектуалдық мектептер жұмыс істеуде.

Қаланың бірегей архитектуралық келбеті қалыптасты. Қаланың инфрақұрылымы жаңартылуда, саябақтар, ойын-сауық орталықтары ашылуда. Қалалықтардың қолайлы өмірі үшін жағдай жасалған.

— Астананы тұрғызып, осылайша біз елімізде мемлекетіміздің экономикасын ұлғайтатын жаңа орасан орталықты құрдық. Мультипликативтік тиімділігі орасан. Астанаға қарап барлық қаламыз, облыс орталықтары, тіпті аудан орталықтары жаңаратын болады. Бұлай болмағанда, қарқынды өсу де болмас еді. Енді біз бұдан әрі не істеуіміз керектігі туралы айтамыз, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кеңес барысында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Президентке қаланың дамуы мен перспективасы туралы баяндады.

Астана әкімі өз сөзін: «Бүгін Өзіңіздің тікелей қатысуыңызбен кезекті алқалы жиында бас қосып отырмыз. Ондағы басты мақсатымыз – Өзіңізге Елордамыздың даму барысы жайында мәлім етіп, қордаланған мәселенің түйінін талқылау. Өзіңіздің ерекше қамқорлығыңыздың арқасында Астана алғашқы күннен-ақ айшықты даму жолын таңдап, сол бағыттан тайған емес. Оның әрбір көкейтесті мәселесі де Өзіңіздің жеке назарыңыздан тыс қалған емес», деп бастады.

И. Тасмағамбетов одан әрі өзінің баяндамасында мәселелерді жүйелі шешу туралы жан-жақты тоқталды, делінген Ақ орданың ресми сайытнда жарияланған хабарда.

Соңғы жаңалықтар