Жапониядағы ең даңқты университеттің бірі – «Токай». Іргесі 1942 жылы қаланған. Сол уақыттан бері білім ордасы ақылы асқан білімгерлерді дайындап шықты. Олар биік белестер мен асқар асуларды бағындырып, білім ордасының абыройын асқақтата түсті. Қазіргі уақытта оқу орнының АҚШ, Дания, Австрия, Оңтүстік Корея және Таиландта өкілдіктері бар. Және Қазақстандағы Назарбаев Университетімен тығыз байланыс орнатқан.
— Назарбаев Университеті ашылған тұста біз академикалық байланыс ортаттық. Осы жылы қазақстандық білімгерлер «Токай» университетіне келіп тәжірибе алмасып, үздік оқытушылардан дәріс тыңдады. Сіздердің елдеріңізде де технология саласына ден қойылып отыр. Бізде де бұл сала жанданып жатыр. Сондықтан алдағы уақытта да қатынасты мықтайтынымызға сенемін, деді «Токай» университетінің ректоры Ямада Киеси.
Бұл байланыс ел Президентінің еңбегі деп біледі мұндағы профессорлар. Елбасының елдегі білім саласына бөлген көңілін ерекше құрметтейді. Сол себепті бүгін «Токай» университетінің ректоры Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты техника ғылымдарының құрмет докторы белгісімен марапаттады.