Бұл туралы белгілі журналист Тоқтар Жақаш әлеуметтік желіде жазды деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы. Қолына домбыра ұстаған жырау бейнеүндеу жолдаған екен.
«Бұдан 500 жыл бұрын Ноғай Ордасы 200 мың әскер ұстаған екен. Орыс патшасы мен қалмақтардың жойқын шабуылдарының нәтижесінде бүгінде Ресейдің түкпір-түкпірінде тозып кеткен туыстарымыздың жалпы саны 200 мыңның ар жақ-бер жағында. Бұрын ноғайлардың жері Шығыс Сібірдегі Ноғайсібір (Новосибир) қаласынан бастап, Еділдің сол жақ жағалауын түгел қамтыса, бүгінде ресми түрде ұлтарақтай жері жоқ, қаңғыбас ұлттың күйін кешіп отыр. Бір шоғыры Қобан даласындағы қарашай-шеркесте, тағы бір тобы Дағыстан даласында. Астрахан мен Ставрополь өлкесінде шашырап кеткен. Орыс патшасы ноғай мен қазақты, жалпы, түркітілдес халықтардың іргесін сөгу үшін Еділдің бойына қалмақтарды қондырды. Сөйтіп, қазақ пен ноғай арасындағы байланыс мүлдем нашарлап кетті. Оның үстіне, қу қалмақ бірде мына жақтағы қазақты шауып, ендігісінде ноғайды шауып, башқұртты шауып, етек-жеңді жинауға мұрша бермеді.
Бұл уақытта орыс басқыншылары башқұртты татардан асырып көшіріп, қазақ пен ноғай арасындағы шекараны орыс губерниясына айналдырды. Ал қазір ноғай ағайындарымыз бұрынғы батыр бабаларындай үлкен аймақ болмаса да, өз алдына шағын мемлекетін құруды аңсайды. Ноғайдың соңғы жырауы Әлибек Романов президент Нұрсұлтан Назарбаевтан осы іске көмек беруін сұрайды. Әрине, ноғайдың бұл арманын біз де орындай алмаймыз. Бірақ мойынға жүктелген аманатты барынша естіртуге тырыстық. Сол мақсатпен, жыраудың сәлемдемесін жариялап отырмыз»,- деп жазды Тоқтар Жақаш.
Posted by Тоқтар Жақаш on Wednesday, May 2, 2018