Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Белсенділер желтоқсан айында Псков қаласынан соғыс жылдарындағы сарбаздардың сүйегін тапқан болатын. Жуырда Норвегияда 15 қазақстандық жауынгердің бейіті табылды.
Соғыс жылдарында бір жарым миллионға жуық қазақстандық майданға аттанды. Әр екінші жауынгер соғыста мерт болды. 270 000-нан астам сарбаз із-түзсіз жоғалғандар тізіміне енді. Іздестіру топтарының бағалауынша, бүгінде екі миллионға жуық қазақстандық ата-бабасына не болғанын және олардың қайда жерленгенін білгісі келеді.
— Жұмыс барысында біз ресми веб-сайтымызда отбасылардан 12 000-нан астам сұрау алдық. Бүгінге дейін біз 4500-ден астам адамның тағдыры мен жерленген жерін анықтадық. Жауынгерлер тек бұрынғы Кеңес Одағы аумағында емес, сонымен қатар Шығыс Еуропа, Норвегия, Нидерланды, тіпті Ұлыбританиядан да табылып жатыр, — деді Atamnyn Amanaty басқарма төрағасының орынбасары Әбубәкір Смайылов.
Іздестіру жұмыстарына полиция, әкімдіктер және жергілікті мектептердің мұғалімдерінен бастап министрліктер мен елшіліктерге дейін жұмылдырылды. Соғыста хабар-ошарсыз кеткендер жаппай бейіттерден табылған, олардың арасында әскери тұтқындар да бар.
— Құжаттар өте егжей-тегжейлі толтырылды: аты-жөні, тұтқынға түскен күні мен орны, көзінің түсіне дейін. Әрбір картада фотосурет бар. Бұл көп сарбаздың алғашқы және соңғы суреті болған. Сондықтан тұтқынға түскендерді анықтау оңайға түсті, — деді Әбубәкір Смайылов.
Жақында Норвегияның солтүстігінде қаза тапқан 15 қазақстандық жауынгердің бейіті табылды. Олардың аты-жөні тіркеу карталарының арқасында анықталды, көпшілігінде фотосурет бар.
Норвегиялық ерікті Татьяна Затолокина-Торесен іздеу жұмыстарына атсалысқан. Бірнеше жыл ішінде оның тобы 400-ге жуық кеңестік әскери тұтқынды тапты.
— Олар 1940 жылдың 9 сәуірінен бастап оккупацияланған Норвегия аумағында болған кеңес жауынгерлері. Осы 15 жауынгердің әрқайсысы туралы арнайы біліп, отбасын тауып, сарбаздар туралы барлық ақпаратты жеткізгіміз келді. Менің ойымша, ата-бабасының бейіті қайда екенін және оның қалай мерт болғаны туралы білу ұрпағына тыныштық сыйлайды, — дейді норвегиялық ерікті Татьяна Затолокина-Торезен.
Қазір іздеушілер Солтүстік поляр шеңберінің үстінде неміс тұтқынында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің отбасыларын іздестіріп жатыр. Бұл сарбаздар Норвегиядағы Йорстадмоен зиратында жерленген. Энгелой лагеріндегі тұтқындардың қалдықтары Тьетта аралында жерленген.