Норвегияның «Bike for Peace» ұйымы Семей полигоны жабылуының 20 жылдығына орай «Семей-Алматы-Астана» бағытымен велосаяхат өткізеді
Қазақстан Тәуелсіздігінің және Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 20 жыл толуына орай норвегиялық «Bike for Peace» (Бейбітшілік үшін велосипедке көш) қоғамдық ұйымы 2011 жылғы 6-29 тамыз аралығында «Семей-Алматы-Астана» бағытымен велосаяхат өткізеді. |
Бұл туралы бүгін дәстүрлі брифинг барысында СІМ баспасөз хатшысы Ілияс Омаров мәлім етті.
«Ел ішіндегі аталмыш саяхат ондаған жылдар бойы (1949 жылдан 1991 жылға дейін) Кеңес одағының ядролық сынақтары өткізілген жердің маңында - Семей қаласынан бастау алады. Велосаяхат 6 тамызда - 1945 жылы Хиросима қаласын бомбалаған күні басталмақ. Тарихтағы осынау зор қасірет үш күннен соң Нагасаки қаласында қайталанған еді. Қазақстан ядролық қаруға қарсы күресте көшбасшы елдің бірі болып табылады. Бұл ретте Қазақстандағы 24 күндік велосаяхат барысында оған қатысушылар Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қарағанды және Ақмола облыстарында, Алматы мен Астана қалаларында болмақ. Аталмыш жоба Астанада 29 тамызда, яғни Семейдегі сынақ полигоны жабылуының 20 жылдығы күнінде өз мәресіне жетеді. Бұл күн ҚР Президенті Н. Назарбаевтың ұсынысымен және БҰҰ Бас ассамблеясының бірауыздан қолдауымен Ядролық сынаққа қарсы Халықаралық күн ретінде бекітілген. Веложорық осыған байланысты таңдалып отыр», - деді СІМ баспасөз хатшысы Ілияс Омаров. Оның айтуынша, велосаяхатшылар тобы 10 норвегиялықтан және 6 қазақстандықтан тұрады. Топ құрамында көз жанары әлсіз Харальд Вик (Норвегия), сондай-ақ «Bike for Peace» ұйымының жетекшісі, саңырау және зағип Торе Неарланд (Норвегия) бар. Олар өздерімен бірге тандем-велосипедті (екі адамға арналған велосипед) әкелген. Осындай велосипедтердің біреуі Норвегияда көптеген спорттық кешендерді салған және бүкіл әлемде зағиптықтың дамуын алдын алу бағытында жұмыс істейтін «Арыстандар» норвегиялық клубының қолдауымен сатып алынған. Харальд Вик және Торе Наерланд саяхат соңында өздерінің тандем-велосипедін Астанадағы зағиптар қоғамына сыйға тартпақ.
«Bike for Peace» веложорығы барысында оған қатысушылар мектептер мен мүгедектерге арналған мекемелерді аралап, жергілікті халықпен, мемлекеттік орган өкілдерімен, Қазақстан Велоспорт федерациясы басшылығымен кездесуі жоспарланған. Велосаяхаттың жеке кезеңдерінде «Астана» велокомандасының кейбір мүшелері де бұған қатысатыны күтіледі. «Ұйымдастырушылардың пікірінше, «Семей-Алматы-Астана» велосаяхаты бейбітшілікті, халықтар арасындағы достық пен өзара түсінісушілікті және ядролық қаруды жою қозғалысын насихаттауды жүзеге асырып, бұл бағыттағы шараларға өз үлесін қоспақ», - деді І. Омаров.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін