ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Нұртай Сәбильянов Қаржы және бюджет комитетiнiң кеңейтiлген отырысында Семейдегi құрылысы аяқталмаған Ядролық медицина орталығының болашағына алаңдаушылығын бiлдiрдi, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.
«Үкiметтiң, Есеп комитетiнiң есебiнде қаржы тиiмсiз пайдаланылғаны айтылады. Көптеген объектiлер, әлеуметтiк нысандардың аяқталмай жатыр. Мысалы, Семей қаласындағы радиология орталығы салынып жатқанына 12 жыл болыпты. 8,6 млрд теңге қаражат жұмсалған екен. Әлi де көптеген кемшiлiктер бар. Биыл бiте ме, бiтпей ме? Құрылысты бастаған мердiгер қайда қарап жүр?», — деп сұрақ қойды депутат.
Депутат сауалына ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрлiгiнiң жауапты хатшысы Аида Құрманғалиева жауап бердi.
«Ядролық медицина орталығының салынып жатқанына 12 жыл болған жоқ. Радиология орталығы құрылысының үшiншi кезеңi 2012 жылы басталды. Оның құрылысы жобалық-сметалық құжаттамада заң бұзушылықтар анықталғаннан кейiн тоқтатылған. Қазiргi таңда сотқа дейiнгi тергеу амалдары жүргiзiлiп жатыр. Әкiмдiк мәлiметiне сәйкес, қазiр нысанның құрылыс жұмысын жалғастыру бойынша жоспар-кесте әзiрленуде. Оған сәйкес, нысан құрылысын 2016 жылдың 4 тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр», — дедi А.Құрманғалиева.