Нұрсұлтан Әмір: "Америкада жиған-терген тәжірибемді Қазақстанға әкелнім келеді" - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
+1 °C
Алматы
2024 Жыл
21 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Нұрсұлтан Әмір: "Америкада жиған-терген тәжірибемді Қазақстанға әкелнім келеді"

Нұрсұлтан Әмір: "Америкада жиған-терген тәжірибемді Қазақстанға әкелнім келеді"

Алматы қаласының тумасы Нұрсұлтан Әмір Қазақ-түрік лицейі мен Халықаралық ақпараттық технологиялар университетін тәмамдаған. Қазір АҚШ-тың Snapchat компаниясында программист. Алайда бұл айтуға ғана оңай. 9-сыныпта компьютермен ойнауды ғана білетін оған ортасы қатты әсер еткен екен. 2-курста программист мамандығын терең үйрену үшін қосымша курстарды оқыпты.

  • 18 Маусым
  • 1
Фото - Caravan.kz

«Университетте оқып жүріп жұмыс істеп кеттім. Ол кезде Айфонға қосымша жасайтынмын. Курста небір жетістікке жеткен балалар болды. Соның бірі Google компаниясында тағылымдамадан өтіп келіпті. Оған дейін мүмкін емес сияқты көрінетін, Google қайда, мен қайда деп ойлайтынмын. Бұл менің намысымды оятты. Сол кезден бастап әлемдік деңгейге шығу үшін дайындала бастадым», — дейді Нұрсұлтан Әмір.

2018 жылы ол Сиэтлдегі (Вашингтон штаты) Вашингтон университетіне оқуға түсіп, информатика магистрі дәрежесін алыпты. 200-дей компанияға түйіндеме жіберген ол тек HBO компаниясынан шақырту алған екен. Үш ай тағылымдамадан соң оның студент екенін ескерген компания өкілдері оқу бітірген соң хабарласатынын айтыпты. Жалпы, 2015 жылдан бастап IT алпауыттарына өзін ұсынған оған 600 компания бас тартса да, табанды, еңбекқор жігіттің тауы шағылмапты.

«2021 жылы Google, Amazon, Microsoft, Facebook, Snapchat және Tik Tok компанияларынан жұмысқа шақырту алған едім. Сосын Фейсбук компаниясына жұмысқа орналастым. Ал 2022 жылдан бастап Snapchat компаниясында аға инженермін. Бұл қызметтің жауапкершілігі де, табысы да мол. 2022 жылы 31 тамызда компанияда 20% қызметкерді қысқартты. Командам толықтай жұмыстан кетіп, мен қалдым. Мені басқа командаға аға менеджер қылып ауыстырды», — дейді ол.

Нұрсұлтан Әмір табыстың кілті еңбекте деп санайды. Бәсекелестен озу үшін көп еңбектенеді. Әрі әлемдік деңгейге шығу үшін міндетті түрде Америкаға келудің қажеті жоқтығын айтады. Қазіргі заманда бәрі қолжетімді дейді. Болашақта мақтаулы компанияда әбден ысылып, білім мен білік жинап, тәжірибе алған соң туған елдің дамуына үлес қосуды армандайды.

«Қазіргі жұмыс істеп жатқан компанияда мол тәжірибе жинап, үлкен топ менеджмент атанғым келеді. Содан кейін сол жиған-тергенімді Қазақстанға енгізіп, ірі компанияларды басқару мен құру бойынша дәріс жүргізіп, өзімді сынап көруді ойлаймын», — дейді Snapchat компаниясының программисі.