Атап айтқанда, Мемлекет басшысына Оңтүстік Корея Елшісі Ким Дэ Сик, Индонезия Елшісі Рахмат Прамоно, Румыния Елшісі Чезар-Маноле Армяну, Сербия Елшісі Владан Матич сенім грамотасын табыс етті.
Осыдан кейін Қазақстан Президенті Елшілерді жоғары мәртебелі қызметке тағайындалуларымен құттықтады.
«Бұл сіздердің дипломатия саласындағы жеткен үлкен шыңдарыңыз болып саналады. Біз Тәуелсіздіктің 25 жылдығын жаңа ғана атап өткен елміз, жас мемлкетпіз. Осы жылдардың ішінде көп қиыншылықтан өтіп, ешкім білмейтін Қазақстанды дүниежүзінің картасына енгіздік. Өсіп, өркендеп келе жатқан елдердің қатарына қостық. Бұдан кейін біз жаңарудың, өрлеудің екінші кезеңіне түстік. Сондықтан мен Қазақстанның үшінші жаңғыруы атты жаңа бағдарламаны жарияладым. Екіншіден, еліміздің индустриялық бағдарламасы қарқынды жүзеге асып жатыр. Біз кенге бай еліміз. Дегенмен, альтернативті экономика жасау үшін жаңадан индустрия құрудамыз. Үшіншіден, рухани жаңғыру аясында жастарды заман талабына сай тәрбиелеуді жүзеге асырудамыз», — деді Қазақстан Президенті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы осы айтылған бастамалардың басты бағыты дамыған 30 елдің қатарына қосылу екендігін баса айтты.