Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен өткен жастар арасындағы жобалардың қорытындысы шықты - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен өткен жастар арасындағы жобалардың қорытындысы шықты

Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен өткен жастар арасындағы жобалардың қорытындысы шықты

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры 20 жыл бойы үздіксіз атқарып келе жатқан жұмысында сүбелі нәтижелерге қол жеткізді. Қор қызметінің екі онжылдығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеялары мен бастамаларын табысты жүзеге асыру кезеңіне айналды. 

  • 25 Желтоқсан 2020
  • 24
Фото - Caravan.kz

Қор жобаларының басты мақсаты – ғылымда, жоғары технологиялар мен мәдениетте өз қабілетін көрсеткен дарынды жастарды қолдау. Жыл сайын Қор жүздеген жастарды – жас инноваторларды, ақындар мен жазушыларды, ғалымдар мен оқу үздіктерін анықтайды. 80 үздік студентке стипендия тағайындау, гранттар беру және таланттарды тек Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де дамыту үшін мүмкіндіктер ұсыну Қордың дәстүріне айналды. 2020 жыл ешкімге оңай болған жоқ. Коронавирус пандемиясы Қор жұмысына түзету енгізбей қоймады. Алайда орын алған шектеулер мен жобалардың басым бөлігінің онлайн-форматқа көшуіне қарамастан, қазақстандық жастар Қор іс-шараларында жоғары белсенділік танытты. 

Онлайн-форматта өткен жобалардың бірі — Smart Zholy жобасы. Үздік 15 қазақстандық стартап Оңтүстік-Шығыс Азияның ірі корпорацияларымен цифрлық байланыс арналары арқылы жұмыс істеді. Бағдарлама финалистері өз жобаларын ұсынып, пилоттық жобалар әзірледі. Smart Zholy қорытындысымен Airbus корпорациясының топ-менеджерлері авиақұрылыс алпауытының мүмкіндіктеріне және жалпы жаһандық авиаиндустрияға қол жеткізетін үш қазақстандық стартапты таңдады. Қор мен Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Airbus топ-менеджері арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Қор ірі әлемдік корпорациялармен қатар Сингапурдағы Trade and Connectivity Challenge халықаралық инновациялық алаңының серіктесі болуға шақырту алды. 2020 жылы жүзеге асырылуы сәтті орындалған тағы бір жоба – «KazRoboProject-2020» ғылыми-техникалық жобалар байқауы. Ол 2016 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді. Байқаудың міндеті – балалар мен жастардың ғылыми-техникалық бағыттағы шығармашылық қабілеттерін және қолданбалы зерттеулерге қызығушылығын дамыту. Онлайн -қорғауға 54 жоба жіберілді. Бұл мектеп оқушыларының жылыжай жүйесінен бастап ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған тренажерлерге дейінгі әр түрлі өнертабыстары. 

Қазақстанның түкпір-түкпірінен 8-12 жас аралығындағы 4 мыңнан астам бала «Бала дауысы» ұлттық балалар ән байқауының финалында өнер көрсету үшін күресті. Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Жандану әлемі» қоры ұйымдастырған байқаудың іріктеу кезеңі үстіміздегі жылдың 25 наурыз бен 15 мамыр аралығында қашықтан өткізу форматында ұйымдастырылды.

Жеңімпаздар – Айдар Аққұлова мен Армен Саакян есімі бүкіл Қазақстанға танылды. Көпшілік көзайымына айналған талантты ақын-жазушылардың «Алтын Тобылғы» әдеби жобасы еліміздің түкпір-түкпіріндегі 160-қа жуық авторды бір байқауда біріктірді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар беріліп, олардың шығармалары 2020 жылғы байқаудың үздік жұмыстар жинағына енгізіледі. «Тұрақты даму мүддесіндегі жаһандық проблемалардың жергілікті шешімдері» әлеуметтік идеялар мен жобалардың республикалық жәрмеңкесі – осы жылдың тағы бір жарқын оқиғасы. Жоба аясында коммерциялық емес сектордың 50 өкілі қазақстандық қоғамды дамытуға бағытталған идеяларын ортаға салды. Қазылар алқасының қарауына жобалар келесі номинациялар бойынша ұсынылды: «Тең мүмкіндіктер қоғамы — тұрақты дамудың стратегиялық бағдары», «Тұрақты даму мақсатындағы әлеуметтік кәсіпкерлік» және «Тұрақты даму мақсаты: қоршаған ортамен үйлесімде болу». Жеңімпаз 15 жоба Нұрсұлтан Назарбаев Қорының жобаларды іске асыруға арналған гранттарын иеленді.

 Қордың жаңа ауқымды жобаларының бірі – «Ел үміті». Бұл Елбасының жаһандық бастамасы, ол болашақ ел көшбасшыларын дамытуға бағытталған. Бастама аясында бірқатар жобалар жұмысын бастады. Мысалы, еліміздің барлық ауылдық мекендерінен ең қабілетті 1 000 баланы анықтаған «Мың бала» олимпиадасы. Олар дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде білімін жалғастыруға мүмкіндік алды. «Ел үміті» бастамасының екінші бағыты — жыл сайынғы «El Maqtanyshy» сыйлығы. Сыйлық лингвистика, география, химия, физика, биология, математика және информатика пәндері бойынша халықаралық пәндік олимпиадаларда үздік нәтиже көрсеткен оқушыларға беріледі. Қатысушылардан басқа, жеке жаттықтырушылар мен команда жаттықтырушылары да марапатталады.

Елбасы Қоры жанындағы Мемлекеттік тілді дамыту қорының көпқырлы жұмысын атап өтпеуге болмайды. Бұл ұйым 2008 жылдан бастап 200-ге жуық жобаларды әзірледі. Олардың ішінде «Qaz Comics» Интернет-ресурсы – қазақ аңыздарына негізделген керемет онлайн-комикстер жиынтығы. Ал «Soyle.kz» порталының көмегімен қазақ тілін тегін үйреніп қана қоймай, ұлттық мәдениетпен етене танысуға болады. Келесі жоба — еліміздің көрікті жерлерімен, рухани мұрасымен, географиясымен, тарихымен және туризмімен танысуға болатын «Qazaqstan3D» сайты іске қосылды. 


Биыл Нұрсұлтан Назарбаев қоры ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы мұражайының жаңа ғимаратында Nazarbaev Ortalyǵy даму орталығын ашты. Орталық қосымша білім мен дағды алу үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Даму орталығы «NC Space» коворкинг-бөлмесінен тұрады, онда жайлы жағдайда шығармашылық жоба немесе дипломдық жұмыс бойынша жұмыс істеуге болады. Сонымен қатар, Орталықтың 4 даму зертханасы цифрлық технологиялар, аналитикалық ойлауды дамыту саласында жаңа білім алу үшін үлкен мүмкіндіктер ұсынады. Олардың жұмысы STEM-білім беру бағдарламаларын, яғни оқытуға интеграцияланған тәсілді іске асыруға бағытталған. Ол ғылыми, техникалық және инженерлік компоненттерді бір қызықты оқу процесіне біріктіруді қамтиды. Фото: Nursultan Nazarbaev Qorу Мысалы «Fab lab» — бағдарламалық басқарудың тиісті аппараттары қолданылатын жобалық оқыту, прототиптеу, инженерлік математика зертханасы.

«Robo lab» зертханасы мектеп жасына дейінгі балалардың, орта мектеп оқушылары мен студенттердің робототехникасын бағдарламалау және құрастыру саласындағы сауаттылығын арттыруға бағытталған. «Design lab» зертханасының көмегімен кәсіби бейнемонтаж және анимация, веб-сайт дизайны, графикалық презентациялар жасау, мобильді қосымшаларды әзірлеу және т.б. бағдарламалармен жұмыс істеуді үйренуге болады. «VR lab» — ғылыми дағдыларды дамыту, механизмдердің жұмыс принциптерін жақсы түсіну, вирустарды зерттеу, күрделі электр тізбектерін құруды үйретеді. Оқу кабинеттері теория мен практиканы табысты біріктіру үшін барлық қажеттіліктермен жабдықталған. Оқушыларды арнайы шақырылған білікті жаттықтырушылар оқытады. Халықтың әлеуметтік осал топтары зертханаларда тегін жұмыс істей алады. Фото: Nursultan Nazarbaev Qorу Бұдан бөлек орталықта «NC Chess Class» шахмат сыныбы орналасқан. Балалар аналитикалық ойлау дағдыларын дамытуға бағытталған заманауи әдістер негізінде оқытылады.

 Бұл Нұрсұлтан Назарбаев Қорының жарқын жобалары мен нақты бастамаларының бір сыпырасы ғана. Қор басқа ұйымдармен өзара іс-қимылды кеңейте отырып, жыл сайын өз жобаларының тізімін толықтырады. Бұл ретте Қор әрқашан өзінің басты мақсаты – бәсекеге қабілетті, рухани дамыған жаңа жас ұрпақты қалыптастыруға жәрдемдесуді іске асыруға ұмтылады.