Бұл туралы Caravan.kz тілшісі хабарлады.
Шоуда әңгіме әзілден гөрі өнегелі әңгімеге қарай ойысып кетті. Яғни Елбасы жастарға ақылын айтты. Әсіресе, ата-анаға қамқор болу керектігін жеткізді. Президенттің ойынша, қарт кісілерге дүние-мүлік емес, өздеріне балаларының мейірбан болғаны қажет.
"Өте бір құдайшыл адам жұмаққа барыпты. Бір күні оның ет сататын көршісі де сол жерге келіпті. "Мен өзімнің Құдайға берілгендігімнен келдім. Сен не үшін келдің? Қандай жетістіктерің үшін келдің?" деп сұрайды діндар болған адам. Анау ойланып қалады: "Білмеймін… Бірақ та бір нәрсе бар. Қарт әке-шешем болған еді. Екеуі де онша жүре алмайтын, тамағын іше алмайтын. Күнде барып солардың тамағын ішкізіп, кірін жуып, үйін тазалап кетуші едім. Сол үшін жұмаққа келген шығармын" дейді. Осының қандай керемет тәрбиелік мәні бар!.. Үлкендерді сыйлап өскен қазақпыз. Қарияларды қазынамыз деп таныған, ананы сүйген, ананы құрметтеген адамбыз. Ананың ақ сүтінен артық еш нәрсе жоқ… Бұрын, менің жастау кезімде қазақта қарттар үйі болмаушы еді. Басқаларда ғана болатын. Қазір қарасаң, қазақтың да қариялары сонда жүр. Жанына отырамын да: "Балаларыңыз бар ма?" деп сұраймын. Сонда: "Қайтесің, қарағым? Айтпай-ақ қой" дейді. Сол кезде ішің ашиды, әрине. Анаға, әкеге жасаған жақсылық та, жаманшылық та өз алдыңнан шығады. Оларға бірдеңені бөліп берудің керегі жоқ. Жалақыңның жартысын апарып берудің де қажеті жоқ. Бес минут жанында отырып, мойнынан құшақтап: "папа, "мама" десең, "ата" десең, соның өзі жеткілікті. Бір айтарым осы еді сендерге" деді Нұрсұлтан Назарбаев "Түнгі студияда".
Бұрынырақ хабарлағанымыздай, Елбасы аталған шоу-бағдарламада бақыттың не екені туралы айтып, жастарға батасын берген еді.