Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы Tengrinews.kz-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қарақшылық шабуыл жасады деген күдікті азаматты ұстады.
"Түнде белгісіз ер адам 88 жастағы қарияның есігін қағып, ашуын сұраған. Қария есікті ашқан сәтте ер адам оны ұрып, тонай бастаған", — деп хабарлады полицейлер.
Қарақшы қарияның алтын сақинасын шешіп алған және бөлмені мұқият қарап тағы бір алтын сақина алып шыққан.
Тергеу барысында қаскүнемнің Затаевич көшесінде жалға берілетін пәтерді жалдағаны анықталды.
"Қарама-қарсы пәтерде жалғыз адам тұратынын біліп, қасақана барған. Елорда полицейлері 28 жастағы күдіктіні ұстады. Ол алтын бұйымдарды ломбардқа тапсырып үлгерген. Бұған дейін оның ұрлық үшін сотталғаны анықталды", — деп түсіндірді баспасөз қызметі.
Ұсталған азамат Нұр-Сұлтан қалалық полициясының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
"Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері азаматтарға, әсіресе, қарт адамдарға пәтердің сыртқы есігін құлыптауды, бөтен адамдарға есік ашпауды, пәтерге кіргізбеуді, ешкімге сенбеуді сұрайды", — деді аудандық полиция бөлімі.