Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы Tengrinews.kz-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 мамыр күні сағат 10.21-де Ұлы Дала көшесі 27/1 мекенжайында сегізінші қабаттағы балконның ернеуіне баланың ілініп қалғаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына жеке құрамның 7 адамы мен 2 техникадан тұратын Нұр-Сұлтан қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері жөнелтілді.
"Келген сәтте сегізінші қабаттағы балконның ернеуіне ілінген баланы төменгі қабатта тұратын ер адам құтқарғаны анықталды. 2019 жылы туған қыз құлаған кезде ата-анасы үйде болған, бірақ баланың жанында ешкім болмаған. Бақытымызға орай, 1985 жылы туған жетінші қабатта тұратын Сәбит Шонтақбаев жылап жатқан баланы көріп құтқару бойынша іс-қимыл жасап, санаулы секундтарда баланың өмірін сақтап қалды", — деп хабарлады ТЖД.
Ер адам көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін марапатқа ұсынылатыны атап өтілді.
"Құрметті ата-аналар, бұл бала аман-есен құтқарылды, бірақ соңы қайғымен аяқталған көптеген жағдайлар бар. Балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмаңыздар! Егер үйде кішкентай бала болса, терезелерді ашық тастамаңыздар, өйткені баланың әрекет етуі үшін бір секунд жеткілікті", — деп қорытындылады құтқарушылар.