Облыс әкімі Б. Ізмұхамбетов тасқын судан зардап шеккен саяжайшылармен кездесті - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+12 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Облыс әкімі Б. Ізмұхамбетов тасқын судан зардап шеккен саяжайшылармен кездесті

Облыс әкімі Б. Ізмұхамбетов тасқын судан зардап шеккен саяжайшылармен кездесті

БҚО-да табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен саяжай қоғамдарына мемлекет тарапынан айтарлықтай көмек көрсетілуде.

  • 8 Маусым 2011
  • 527
Фото - Caravan.kz

Тұқымдық картоп берілді, енді су шайып кеткен жолдар жөнделеді, пайдасыз болған құбырларды жаңасымен алмастырады. Сондай-ақ, су айдайтын сорғылар, электр құрылғылары орнатылады. Облыс басшылығы саяжайшыларға нақты көмек беру арқылы оралдықтарды сапалы әрі арзан жеміс-жидек, көкөніс өнімдерімен қамтуды мақсат тұтып отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінде 7 маусым күні өткен жиында айтылды.

Қаладағы саяжай қоғамдары жетекшілерімен кездескен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атап өткеніндей, бұған дейінгі кездесуде саяжай басшылары қажет нәрселердің тізбесін айтқан еді. Соған орай 144 тонна көлемінде тұқымдық картоп берілді. Бұл дақылды көмек ретінде Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстары жіберді. Саяжайдағы жолдарды жөндеуге 5 млн. теңге қаржы қаралды. Ал 43 600 мың теңгеге 81 дана сорғы агрегаты, екі трансформатор, 14 электр құрылғысы (щит) алмастырылады. Құбырларға жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша саяжайларда 800 метрден астам құбыр жарамсыз деп танылған. Бәріне жеткілікті болсын деген ниетпен 8,7 шақырым құбыр берілмек. Ол құбырлар қайда, қалай бөлінеді, оны саяжайшылар қауымдастығы шешеді. «Тек су есептегіштермен қамти алмай қалдық. Қалған өтініш-тілектің бәрін орындаған сияқтымыз. Біз қаланы азық-түлікпен қамтып, әлеуметтік мәселені шешуге үлес қосып жүрген саяжай қоғамдарын қашан да қолдаймыз», — деді Бақтықожа Салахатдинұлы.

Облыс басшысы сондай-ақ саяжай қоғамының жетекшілеріне өзінің ұсыныс-талабы бар екенін жеткізді. Былтырғы жаз маусымының ыстықтығына байланысты саяжайларда өрт атаулысы жиі орын алғаны белгілі. Оған жиналып қалған түрлі қоқым да себепші болды. Саяжайда әлі күнге дейін күл-қоқыс жиналған жоқ. Су тасқынына байланысты оның мөлшері биыл көбейе түскені анық. Күн ысымай тұрып, қоқымдардан арылу керек. Келесі мәселе, тасқыннан кейін құлаған үйлер, тұрғын жайлардың орындарын жинастырып, тазалау қажет. Саяжай қауымдастығының жетекшісі, қала басшылығы осы жайтарға жете мән бергені дұрыс.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаев саяжайға бөлінген қаржының жұмсалуына тоқталды. «Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет су тасқыны зардаптарын жоюға ірі көлемде қаржы бөлгені белгілі, — деді Нұрлан Асқарұлы.- Одан басқа арнайы ашылған есепшоттарға да жеке, заңды тұлғалардан ақша түсуде. Облыстық жұмылдыру әзірлігі және төтенше жағдайларды жою басқармасы жанынан ашылған есепшотқа 600 млн. теңгеден аса қаржы түсті. Ал «Ақжайық» қайырымдылық қорында 197 млн. теңге жуық қаржы бар. Облыс әкімінің өкімі бойынша қайырымдылық және демеушілік қаржыны бөлуге арналған комиссия құрылды. Бұған дейін комиссияның үш отырысы өтті. Оның екеуінде материалдық шығын мен малдың орнын толтыруға, баспана және басқа да көмек сұраған азаматтардың өтінімдерін қарасақ, соңғысында саяжай қоғамдарының мәселесі талқыланды. Облыс әкімі айтып өткендей, саяжайға қаралып отырған 48600 мың теңге «Ақжайық» жеке қорынан бөлінбекші. Қайырымдылық, демеушілік бағытында жіберген бұл қаражаттың иелері қаржының қайда жұмсалғандығы туралы бізден есеп алғысы келеді. Сол себепті бұл қаражаттың ашық әрі мақсатты жұмсалуы үшін комиссия мүшелері жеке қордағы қаржының жұмсалуын қадағалайтын тексеру комиссиясын құру туралы шешім қабылдады. Оның құрамына «Нұр Отан» ХДП, қоғамдық ұйымдар, бизнес өкілдері, өңіріміздің құрметті азаматтары, ақсақалдар тартылмақшы».

Оралдағы бау-бақша өсірушілер мен саяжайшылар қауымдастығының төрағасы Алексей Саблин өңір басшыларының көмегі арқасында саяжайлардағы жұмыс өз арнасына түсе бастағанын жеткізді. Электр қуатын қалпына келтіру бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде. Кейбір саяжай қоғамы су есептегіш құралдарын алды. 144 тонна тұқымдық картоп барлық саяжай қоғамына 18-20 келіднен бөлініп берілді. Тазалық мәселесі ақсап тұрғаны рас. Таяуда өткен жиында барлық саяжай қоғамы төрағалары өз аумақтарын күл-қоқымнан тазарту турасында қарар қабылдады. Алайда, соны өздері орындамауда. Көп кешікпей төтенше жағдайлар басқармасы, СЭС қызметкерлері саяжайларға барып тексеру жұмыстарын жүргізбекші. Тазалыққа мән бермегендер үлкен көлемде айыппұл төлейді. Сол себепті саяжай қоғамдары жуық арада сенбілік ұйымдастыруы керек.

Жиын барысында қызу талқыға түскен мәселе — саяжай қоғамдары жетекшілерінің «су сорғысын аламыз, электр құрылғыларын жөндейміз» деген желеумен қоғам мүшелерінен ақша жинау жайы. Облыс басшысы қаладағы эвакуациялық қосынға барған сайын су тасқынынан зардап шегушілер осы мәселені жиі сұрайды. Оның үстіне аталмыш құрал-жабдықтарды алуға арнайы қаржы бөлініп жатыр. Саяжайшылар өз кезегінде көптеген сорғы істен шыққанын айтты. Оларды жедел жөндетіп, бау-бақша өндеріне қазір су құймаса, ертең кеш болатынын жеткізді.

Кездесу барысында облыс әкімі саяжайшылардың барлық сұрағына жауап берді.

Соңғы жаңалықтар