Инвестициялар көлемі мен заңнамалық реттеу қарқыны бойынша Қазақстан қазір орта деңгейдегі технологиялық державалармен иық тірестіре алады. Алайда қоғамды алаңдатып отырғаны халықтың жағдайы. Мұндай технологиялық серпіліс жаңа әлеуметтік теңсіздікті ашып бергендей. Оның тіпті мектеп бағдарламасына енгізілуі де ұстаздар мен ел жанашырларының наразылығын тудырып отыр. Жаңа ұрпақ пен еңбек адамдары цифрлық серпеліске дайын ба? Осы тақырып төңірегінде Caravan.kz медиа порталы сарапшының пікірін сұрап білді.
2024 жылдан бастап migration.enbek.kz порталы жұмыс істейді. Мұнда мигранттар виза, квота немесе ықтиярхат алу үшін құжаттарын тапсыра алады, сондай-ақ қандас мәртебесін тексере алады. Бұл сервис ІІМ, Еңбек министрлігі және «Қазпошта» базаларымен интеграцияланған. Бір жыл ішінде порталға 1,2 миллионнан астам адам кірген, онлайн өтінімдердің үлесі 68%-дан асқан.
Сонымен қатар skills.enbek.kz жүйесі іске қосылды. Ол біліктілікті арттыру мен кәсіби дағдыларды тануға арналған құрал. Алайда статистикаға сәйкес, тіркелген қолданушылардың небәрі 12%-ы ғана толық онлайн-оқытудан өткен. Көпшілігінде интернетке тұрақты қолжетімділік, цифрлық құрылғылар немесе интерфейспен жұмыс істеу дағдылары жоқ. Салыстырмалы түрде айтқанда, қазақстандық азаматтар арасында бұл көрсеткіш 65%-дан асады.
Мемлекет инфрақұрылымды дамытып жатыр, десе де, оны бәрі бірдей пайдалана алмайды. Мәселе тек техникада емес, сауаттылықтың төмендігінде. Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінен келген еңбек мигранттарының басым бөлігі смартфонды тек мессенджерлер үшін пайдаланады, ал мемлекеттік онлайн-қызметтерге жүгінбейді.
2024 жылы Халықаралық көші-қон ұйымы жүргізген зерттеуінде: 54% мигрант ешқашан онлайн-платформалар арқылы жұмыс іздеп көрмегенін, ал 72% алгоритмдерге сенбейтінін айтқан. Яғни, цифрландыру мен шынайы өмір арасындағы алшақтың тереңде жатыр.
Технологиялық серпіліс пен еңбек нарығының парадоксы
Ел жасанды интеллекттің озық архитектурасын құрып жатқанда, еңбек нарығы технологиялық қайта бөлудің аренасына айналды. Мысалы, логистика саласында (онда 240 мыңнан астам адам жұмыс істейді) роботтандырылған есеп жүйелері мен бағытты оңтайландыру алгоритмдері енгізілуде. Құрылыс саласында, мұнда мигранттардың шамамен 10%-ы шоғырланған, цифрлық технологиялар қол еңбегіне сұранысты азайтып отыр.
Парадокс мынада: Цифрлық болашақтың материалдық негізін құрып жүрген адамдар сол болашақтың шетінде қалу қаупімен бетпе-бет келді.
Заңнамалық негіздің дамуы
ЖИ туралы заң жобасы Мәжілісте алғашқы оқылымнан өтті. Ол тәуекелге негізделген тәсілді енгізуді көздейді: әлеуметтік скорингке тыйым салу, бет-әлпетті биометриялық тануды шектеу және жоғары тәуекелді жүйелерді бақылау.
Ұлттық ЖИ платформасы, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқаратын, деректерді біріктіретін ядроға айналып, мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыруы тиіс.
Бірақ реформалардың ауқымына қарамастан, әзірге әлеуметтік тұрғыдан осал топтар, соның ішінде мигранттар, цифрлық экономиканың тең құқықты қатысушылары бола алатындай нақты механизмдер қалыптасқан жоқ.
«Қос теңсіздік» қаупі
Инновациялар жөніндегі сарапшы Асқар Синчев атап өткендей, Қазақстан Орталық Азиядағы ең дамыған технологиялық және институционалдық экожүйелердің бірін қалыптастырып жатыр, алайда, миграциялық компонент әзірге жасанды интеллект стратегиясына әлсіз енгізілген.
«Ел «қос теңсіздікке» тап болуы мүмкін. Атап айтқанда, технологиялық — өңірлер арасындағы айырмашылық және әлеуметтік — азаматтар мен мигранттар арасындағы айырмашылық. Егер мемлекет цифрлық инклюзия тетіктерін жасамаса, еңбек нарығы индустриялық модернизация кезеңіндегіден де қаттырақ сегменттелуі ықтимал», — деп атап өтті ол.
Алдағы онжылдықтағы тәуекелдер
Дүниежүзілік экономикалық форумның болжамы бойынша, 2030 жылға қарай қызметкерлердің негізгі дағдыларының 40%-ы өзгереді. Қазақстан үшін бұл кемінде 1 миллион жұмыс орнының трансформациясын білдіреді.
Цифрлық құзыреттері бар мамандарға сұраныс шамамен 25%-ға өседі. Ал төмен білікті салаларда еңбек ететін мигранттар, егер қайта оқыту бағдарламаларына тартылмаса, онжылдық соңына дейін 20% жұмыс орнын жоғалтуы мүмкін.
ОЭСР сарапшыларының есебінше, осал топтардың білім алуына салынған әрбір инвестиция ұлттық табыстың үш еселенген қайтарымын береді, яғни, өнімділіктің артуы мен әлеуметтік тәуекелдердің төмендеуі есебінен.
Халықаралық шешімдер мен қазақстандық бастамалар
Халықаралық көші-қон ұйымы мен «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ «Қазпоштаның» қолдауымен «Ашық Әлем» атты бағдарламаны іске қосты.
Бағдарлама аясында мигранттарға арналған цифрлық курстар жасалды, олар онлайн-платформаларды қолдануды, жалған хабарландыруларды ажыратуды және Enbek жүйесі арқылы еңбек қызметін заңдастыруды үйретеді.
2025 жылы бағдарламаға 17 мыңнан астам адам қатысты, оның ішінде 2,3 мың адам еңбек мобильдігі орталықтарында сертификат алды.
Алайда бұл аз көрсеткіш. Қазақстанда ресми түрде 470 мың шетелдік жұмысшы тіркелген, ал нақты саны 1,2 миллионға дейін жетеді.
Цифрлық теңсіздік — құрылымдық сынақ
Жаңа дәуір жаңа бейімделу құралдарын қажет етеді. Алгоритмдік жұмысқа қабылдау, визаларды автоматты тексеру, цифрлық біліктілік профильдері — мұның бәрі ашықтықты арттырады, бірақ бір мезетте бұл жүйелер қалай жұмыс істейтінін білмейтін адамдарды сыртта қалдыру қаупін туғызады.
Егер мигрант онлайн-анкета толтыра алмаса немесе біліктілігін электронды жүйеде растай алмаса, ол көлеңкеде, яғни заңнан тыс әрі әлеуметтік қолдаудан тыс қалады. Бұл техникалық емес, құрылымдық мәселе, және ол мемлекет, бизнес пен халықаралық ұйымдардың кешенді жауабын талап етеді.
Әлемдік тәжірибе және қазақстандық мүмкіндіктер
Мигранттардың цифрлық сауаттылығы жоғары елдерде автоматтандыру жұмыс орындарын жою емес, қайта бөлу әсерін береді.
Мысалы, Оңтүстік Кореяда шетелдік жұмысшылардың 60%-ы онлайн-қайта даярлау бағдарламаларына қатысады.
Сингапурда мигранттардың 45%-ы тегін цифрлық дағдылар курстарына қол жеткізе алады.
Қазақстанда осындай модельді енгізуге барлық алғышарт бар. Атап айтқанда, Enbek мемлекеттік платформасы, eGov жүйесімен интеграция, карьера орталықтарының кең желісі және халықаралық гранттарға қолжетімділік.
Бірақ бұл үшін мигранттарды цифрлық саясатқа мақсатты түрде тарту қажет:
-оқыту тарифтерін жеңілдету;
-интерфейстерді өңір тілдеріне аудару;
-қарапайым навигациясы бар мобильді қосымшалар жасау.
Цифрлық алшақтықтың экономикалық салдары
Цифрлық теңсіздіктің экономикалық әсері қазірдің өзінде байқалады. 2024 жылы мигранттардың еңбек өнімділігі елдің орташа көрсеткішінің небәрі 72%-ын құрады, ал бейресми жұмыспен қамтылу деңгейі 37%-ға жетті.
Егер бұл үрдіс сақталса, цифрландыру теңсіздікті күшейтіп, технологиялық прогрестің өз идеясын шайылтады. Еуразиялық даму банкінің бағалауынша, цифрлық теңсіздіктің 10%-ға өсуі ЖІӨ-ні 0,7%-ға қысқартады, әрине, пайдаланылмаған адами әлеует есебінен.
Жасанды интеллект дамудың қозғаушы күші ғана емес, егер оның әлеуметтік өлшемі ескерілмесе, іріктеу сүзгісіне де айналуы мүмкін.
Бұл ретте педагог Клара Көпжасарқызы жасанды интеллект бағдарламасын мектепте енгізуді құптамайтынын жеткізді. Айтуынша, біздің жас буын мұндай өзгерістерге дайын емес.
«Жасанды интеллектке біздің қоғам дайын емес. Оның не үшін керек екенін де, қайда қолданатынын да халық білмейді. Әрине, мемлекеттік деңгейде экономика үшін керек шығар. Алайда, оны бәріне бірдей қолдануға беру дұрыс емес. Бұлай бола берсе, біздің жастар мен балаларымыз сауатсыз болып шығады. Олар ойлау қабілетін жоғалтады. Соңында сауатсыз, өзіндік ой-пікірі жоқ қоғам қалыптасады. Қолдану қағидаларын білмей тұрып қоғамға беру түбінде жақсылыққа әкелмейді. Мен қарсымын. Мектеп оқушылары өздері ізденіп, оқулары керек. Біздің кезімізде балалар кітапханада отырып, ізденетін. Өзі оқыған кезде білім де қонады, ми жұмыс істейді. Ал қазір ЖИ сенетіндер көбейіп барады. Ол дұрыс, шынайы ақпарат береді дегенге де сенбеймін», — дейді бізге берген сұқбатында.