Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
– Қылмыстық кодекстің 105-бабы (өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Шерзат ісі бойынша Нұрқанатпен тергеу амалдарына күнделікті жауап алу кезінде бірге қатыстық. Ауыр психологиялық жағдайын байқамаған едік. Ол жауап алу сәттерінің бәрін батыл түрде өткерді. Оқиға орнына барғанда да. Сәрсенбіде сотқа баруымыз керек еді. Ол сотта біз “жала жабу”, БАҚ-та “жалған ақпарат тарату” бойынша арыз түсіргенбіз. Сол бойынша сот басталуы керек еді. Дайындалған едік. Кеше де байланысты болдық. Материалдық қиындықтарға, ет дүкеніндегі жұмыстарына қарамастан, олардың осы істі қозғағанына қуанған едім. Кейде оларға көмектесуге де тырыстық. Отбасында кіріс болсын дедік. Олар ешкімнен ештеңе сұрамады. Бұл жаңалық – бәрінің төбесімізге жай түскендей болды, – дейді адвокат Саида Тәуекелова қаза шыққан үйдің алдында журналистерге.
Адвокаттың айтуынша, Шерзат ісі бойынша тергеу амалдары аяқталуға жақын.
– Біз сотқа дайындалып жатыр едік. Ол басты куәгер әрі жәбірленушінің бірі еді. Себебі оған да сол кезде үш рет пышақ салынған. Бүгінгі жаңалық – отбасына да, бізге де үлкен трагедия. Оқиғалар желісін алдағы уақытта қосымша хабарлаймыз. Қазір тергеу амалдарына баруымыз керек, – деді адвокат.
Нұрқанат Ғайыпбаевты бауыры Шерзат Болаттың жанына қойғалы жатыр.
НҰРҚАНАТТЫҢ ҚАЗАСЫ
Бұған дейін Шерзат Болаттың ағасы қаза болғанын полиция да растаған. Ресми мәліметке сәйкес, Шерзаттың ағасы өз-өзіне қол салған. Полиция марқұм Ш. Болаттың отбасы барлық уақытта полицейлердің қорғауында болғанын атап өтеді.
– Осы уақытқа дейін марқұмның отбасына төнген қандай да бір қауіп-қатер тіркелген жоқ. Күзеткен қызметкерлердің түсіндірмелеріне сәйкес, ер адам күзетілетін объектіден сағат 23:30-да шығып кетіп, жеке автокөлікпен кеткені анықталды. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жариялауға жатпайды, — делінген хабарламада.