Ұлттық құраманың бас бапкері Асхат Житкеевтің айтуынша, қазір спортшылар Алматыда соңғы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Ол 22 шілдеге дейін созылмақ. Одан кейін олар Латвия астанасына аттанбақ.
«Ригаға бейімделу жайымен бара жатырмыз. Лондонмен температурасы және ылғалдылығы бірдей. Оған толық құраммен (7 адам) барғалы отырмыз. Ұлттық құрама Олимпиада ойындарына толық құраммен соңғы рет 2000 жылы қатысқан болатын. Одан кейінгі 2 олимпиадалық циклде толық құрам болған жоқ», — дейді А. Житкеев. Бас бапкердің айтуынша, Қазақстан құрамасы биыл жақсы дайындықтан өтті. 2 апта бұрын олар 30 мемлекеттің балуандары қатысқан үлкен халықаралық лагерьден оралды.
«Жігіттердің көңіл-күйі көтеріңкі, жарақат алғаш ешкім жоқ. Енді барлық мәселе кілемдегі белдесуде шешіледі. Әзірге қандай да бір болжам жасау қиын. Өйткені бұл өндіріс емес. Мұнша өнім шығарамыз деп алдын ала жоспарлайтын. Бұл — спорт. Ат шаба ма, бап шаба ма дегендей онда бабы мен бағы сәйкес келген спортшы ғана үздіктер қатарынан көрінеді», — дейді Асхат Житкеев.
Жалпы төрт жылда бір рет өтетін бұл дүбірлі додада дзюдошылар ерлер арасында — 7, әйелдер арасында 2 салмақ дәрежесі бойынша белдеседі. Онда ел намысын қарағандылық Ислам Бозбаев (81 кг), Максим Раков (100 кг), Ержан Шынкеев (+100), Гүлжан Исанова (+78 кг), алматылық Сергей Лим (66 кг), астаналық Тимур Болат (90 кг), атыраулық Ринат Ибрагимов (73 кг), шығыс қазақстандық Еркебұлан Қосев (60 кг) пен оңтүстік қазақстандық Александра Подрядова (48 кг) қорғайды. Онда ең бірінші боп 28 шілде күні Е. Қосаев пен А. Подрядова белдеседі. Келесі күні С. Лим, 30-ы — Р. Ибагимов, 31-і — И. Бозбаев, 1 тамызда — Т. Болат, 2-сінде М. Раков, 3-інде Е. Шынкеев пен Г. Исанова сайысты жалғастырады.