Олжас Бектенов Мәскеуде ТМД үкіметтері басшылары кеңесі отырысына қатысты  - kaz.caravan.kz
  • $ 516.93
  • 542.52
-10 °C
Алматы
2024 Жыл
12 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Олжас Бектенов Мәскеуде ТМД үкіметтері басшылары кеңесі отырысына қатысты 

Олжас Бектенов Мәскеуде ТМД үкіметтері басшылары кеңесі отырысына қатысты 

Мәскеуде Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің үкіметтері басшылары кеңесінің отырысына қатысты.

  • 12 Желтоқсан
  • 3
Фото: primeminister.kz

Іс-шара Н.Э. Бауман атындағы ММТУ алаңында өтті, онда делегация мүшелеріне Ресей жоғары оқу орындарында оқитын ТМД елдері студенттерінің инженерлік жобалары мен ғылыми әзірлемелері таныстырылды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеңес отырысына ТМД-ға мүше мемлекеттер үкіметтерінің басшылары: Әзербайжан Республикасы – Әли Асадов, Беларусь Республикасы – Роман Головченко, Қырғызстан Республикасы – Ақылбек Жапаров, Ресей Федерациясы – Михаил Мишустин, Тәжікстан Республикасы – Кохир Расулзода, Өзбекстан Республикасы – Абдулла Арипов, сондай-ақ, Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян; Достастықтың қауымдастырылған мүшесі ретінде Түрікменстан Республикасының ТМД жарғылық және өзге органдары жанындағы Тұрақты өкілі Назаркұлы Шакулыев, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев қатысты.

Сауда-экономикалық кооперацияны нығайту, көлік дәліздерін дамыту және жеткізілім көлемін ұлғайту, қоршаған ортаны сақтау, мәдени-гуманитарлық байланыстарды арттыру және ғылыми әлеуетті іске асыру мәселелері қаралды.

Сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту Достастыққа мүше мемлекеттер үшін басым міндет болып қала береді. Кеңес отырысында сөз сөйлеген Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанның сыртқы саудасының төрттен бір бөлігі ТМД елдері нарығына тиесілі екеніне тоқталды. Осыған байланысты кедергілерді жүйелі түрде анықтау және жою қажеттілігі туындап отыр. Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Достастық жәрмеңкесі» мемлекетаралық бағдарламасын құру ТМД елдері арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Көлік дәліздерін кеңейту сауда-экономикалық кооперацияны дамытудың маңызды факторы саналады. Олжас Бектенов ТМД-ға трансқұрлықтық көлік ағындарында, атап айтқанда «Батыс – Шығыс» және «Солтүстік – Оңтүстік» бағыттарында алатын орны ерекше екеніне тоқталды. Қазақстан тарапы әзірлеген ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасы 2024 жылдың қазан айында ТМД-ның Атқару комитетіне жолданды. Аталған жоба Достастық елдерінің көлік өткізу мүмкіндігін арттыруға серпін береді.

Олжас Бектенов экология саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесіне ерекше назар аударды. Климаттық сын-қатерлердің алдын алу және олардың салдарын жою аймақтық және жаһандық тұрақты дамуға ықпал етеді.

«“Алтай” трансшекаралық биосфералық резерваты бірегей табиғи экожүйелерді сақтау бойынша өңірлік табысты кооперацияның мысалы бола алады. Ол “Қатонқарағай ұлттық табиғи паркі” және “Катун биосфералық қорығы” базасында Қазақстан мен Ресейдің бірлескен күш-жігерінің арқасында құрылды. 2017 жылы ол Азиядағы алғашқы бірлескен резерват болып, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік биосфералық резерваттар желісіне қосылды. Бүгінгі таңда осы бірегей жоба негізінде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, конференциялар өткізілуде, бірігіп істеу және тәжірибе алмасу жолға қойылған. Осылайша, Алтайда ерекше қорғалатын аумақтар базасында табиғи құндылықтарды сақтау саласындағы трансшекаралық ынтымақтастықтың бірегей моделі пысықталды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің үкіметтері басшылары кеңесі отырысының қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа, оның ішінде азаматтық кеме жасау мен кеме жинақтаушы жабдықтарын өндіруді дамытудағы, көлік кешенін цифрлық трансформациялау саласындағы ынтымақтастық туралы және басқа да құжаттарға қол қойылды.

Н.Э. Бауман атындағы ММТУ ғимаратында делегация басшылары студенттердің жобаларымен және әзірлемелерімен танысты. «Квантум паркі» ғылыми-зерттеу кластері кванттық, фотондық және флюидтік технологиялардың түйіскен жерінде практикалық мәселелерді шешу үшін арнайы жобаланып, салынған. Ұсынылған жобалардың авторлары ТМД елдерінің студенттері мен аспиранттарының «Шекарасыз Университет: әркімнің идеясы – баршаның болашағы» стратегиялық сессиясының финалистері болды. Бауман атындағы ММТУ студенті, Орынбасар Жантөреев таныстырған «Каспий орбитасы» жобасы әлемдегі ең ірі жабық су айдынының таяздану проблемаларын шешу үшін ғарыштық мониторинг және ұтымды трансшекаралық су пайдалану технологияларын енгізуді көздейді. «Жасыл киберферма» әзірлемесін Мәскеу авиация институтының студенті, Әмина Жексембаева таныстырды. Жоба тұрақты, жоғары тиімді ауыл шаруашылығына арналған жаңартылатын энергетикалық роботтық платформаны ұсынады.

ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің келесі отырысы 2025 жылдың мамыр айында Душанбе қаласында өтеді.