Олжас Бектенов Мемлекет басшысының алға қойған міндеттері туралы: жыл қорытындысы бойынша экономиканың өсу қарқынын сақтап қалу қажет - kaz.caravan.kz
  • $ 519.61
  • 610.13
-1 °C
Алматы
2025 Жыл
17 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Олжас Бектенов Мемлекет басшысының алға қойған міндеттері туралы: жыл қорытындысы бойынша экономиканың өсу қарқынын сақтап қалу қажет

Олжас Бектенов Мемлекет басшысының алға қойған міндеттері туралы: жыл қорытындысы бойынша экономиканың өсу қарқынын сақтап қалу қажет

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің биылғы 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды.

  • 17 Желтоқсан
  • 1
ФОТО: primeminister.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Мәселелерді қарау Мемлекет басшысының экономиканың орнықты өсімін қамтамасыз ету, инфляцияны тежеу және халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі міндеттерін ескере отырып жүзеге асырылды.

Жиында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, қаржы министрі Мәди Такиев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, өнеркәсіп және құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік вице-министрлері, сондай-ақ бірқатар өңір басшылары баяндама жасады.

2025 жылы ел экономикасы өсім көрсетіп отыр.

«Биыл экономикамыз орнықты өсім көрсетіп отыр. 11 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 6,4%-ды құрады. Жалпы экономикадағы оң көрсеткіштерге қарамастан, сауда, және құрылыс салаларында, сондай-ақ көлік қызметтерінде өсімнің біршама баяулап қалғаны байқалады. Металлургия өнеркәсібіндегі өсу қарқыны да төмендеп кеткенін баса айтқым келеді. Бұл сала – экономиканың негізгі тірегі. Сондықтан оның орнықты дамуын қамтамасыз етіп, өндірістік әлеуетін толық іске асыруға бағытталған шаралар қабылдау маңызды. Жыл қорытындысы бойынша экономиканың өсу қарқынын сақтап қалу қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов. 

Бұл ретте негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша еліміздің 12 өңірінде оң динамика қалыптасып отыр. Алайда, Атырау, Абай және Ұлытау облыстары жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізген жоқ. Премьер-министр облыс әкімдеріне барлық мәселені тікелей бақылауға алуды және көрсеткіштерді жақсарту үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсыра отырып, өңірлік деңгейде жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.

Азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша Үкімет қабылдайтын шараларға назар аударылды. Соңғы екі айда инфляция деңгейі 12,4%-ға дейін төмендегені атап өтілді, алайда, кейбір өңірлерде керісінше, өскені байқалады. 

Олжас Бектенов Өңір әкімдерінде азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін жеткілікті құралдар бар екенін баса айтып, осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Сауда министрлігіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін уақытша кеҢейту жұмысын жеделдетуді тапсырылды. Бұл қосымша өнім түрлерінің бағасын реттеуге мүмкіндік береді. 

Сонымен қатар Астана қаласындағыдай, арзандатылған сиыр етін ірі сауда желілері арқылы сату тәжірибесін бүкіл ел аумағында кеңінен қолдану тапсырылды. Жалпы, инфляциялық процестерді төмендету үшін 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру барысын бақылауда ұстау қажет.

Президент тапсырмасы бойынша шағын және орта бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламалық құжаты дайындалып жатқанын атап өтті. Құжат іскерлік белсенділікке және шағын кәсіпкерлікті дамыту құралы болуы тиіс.Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен және «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп, шикізатты қайта өңдеуді ынталандыру шараларын, сондай-ақ қолөнер, былғары, сүт өнімдері және басқа да салаларды қолдауды қамтитын құжатты сапалы әзірлеуді қамтамасыз ету тапсырылды. Әкімдіктер өңірдің әлеуеті мен қажеттіліктерін негізге ала отырып, басым бағыттардың тізбесін айқындауы қажет. Аталған шараларды іске асыру кәсіпкерлерге тікелей қолдау көрсетуге, халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға және шағын бизнестің тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді.

Кәсіпкерлік бастаманы кеңейту және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету шарттарының бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін төмендету. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш ЖІӨ-ге шаққанда 13,7%-ды құрап отыр.

Биыл Жекешелендірудің 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын іске асыру аяқталады. Оңтайландырудың 2030 жылға дейінгі жаңа жоспары бекітілді. Онда отын-энергетика, өнеркәсіп, көлік және байланыс салаларындағы, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік компаниялар қамтылған.

Премьер-министр әкімдіктерге, мемлекеттік органдар мен компанияларға жаңа жоспарға енгізілген активтердің кем дегенде жартысын 2026 жылы сатуды қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстарды қазірден бастауды тапсырды. Бұдан басқа, Жекешелендіру жөніндегі ұлттық офис тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, оңтайландырумен қамтылмай қалған салаларға талдау жүргізуді жалғастырады.

Олжас Бектенов сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіне тың серпін беру ісінің маңыздылығын баса айтты, аталған мәселені бұған дейін Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында атап көрсеткен болатын. Биыл жаңа өндірістер іске қосылып, бұған дейін ел аумағында өндірілмеген тауарлар шығарыла бастады.

Өнеркәсіп, Қаржы министрліктері «Самұрық-Қазына» қорымен және Монополияға қарсы ведомствомен бірлесіп, мемлекеттік сатып алу аясында ұқсас импорттық тауарларды алып тастау мәселесін пысықтауы тиіс екені атап өтілді. Сонымен қатар Өнеркәсіп министрлігіне өңір әкімдерімен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін келесі жылға арналған жобалардың жаңа тізімін қалыптастыруды аяқтау тапсырылды. Жобаларды қаржыландыру инвесторлардың өзара міндеттемелері негізінде жүзеге асырылуға тиіс. Инвестиция көлемі, жұмыс орындарын құру, еңбек өнімділігіНің өсуі, локализацияны тереңдету, технологиялар трансфері, сондай-ақ экспорттық әлеует пен салық түсімдерін ұлғайту көрсеткіштерін назарда ұстау қажет. 

Бюджет қаражатын уақтылы игеру мәселесі бойынша бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне қаржылық тәртіпті күшейту тапсырылды. Барлық жоспарланған бюджет қаражаты қатаң түрде бекітілген бағыттар бойынша бөлініп, игерілуі тиіс.

Бюджет қаражаты үнемделген жағдайда, оларды неғұрлым басым міндеттерге немесе Үкімет резервіне қайта бағыттау қажет. Әкімдіктерге бюджеттегі артық қаражатты даму бюджетін кеңейтуге бағыттау ұсынылды. Жылдық қаржыландырумен қамтамасыз етілмеген құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша сатып алу рәсімдерін жариялауға жол бермеу қажеттігі баса айтылды.

Қаржы министрлігіне өңір әкімдерімен бірлесіп, мемлекеттік бюджет кірістері бойынша жоспарлы көрсеткіштерді қамтамасыз ету тапсырылды.

Қорыта айтқанда, Премьер-министр мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар осы жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін барлық ресурсты жұмылдыруы қажет екенін атап өтті.

Перейти к новостям спорта