Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Үкімет жетекшісі Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктерінің алдына жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіндегі теңгерімсіздіктерді жою міндетін қойды.
Жиында мемлекет сапалы және қолжетімді қызметтер көрсету бойынша міндеттемелерді өзіне алатыны және мекемелерде орын болмаған жағдайда жекеменшік ұйымда оқуға жан басына шаққандағы қаржыландыру қарастырылғаны атап өтілді. Десе де бұл мүмкіндікті теріс пайдалану деректері тіркеліп отыр. Субсидия көлемін көбейту мақсатында оқушылар мен мұғалімдердің жасанды легі туындауда, ал өз кезегінде бұл білім сапасына, сондай-ақ мемлекеттік шығындардың тиімді жұмсалуына теріс әсер етеді.
Премьер-министр жекеменшік білім беру ұйымдарына қатысты қымбат оқу ақысы мәселесін де атап өтті. Ол мемлекеттік бюджет «элиталық» мектептердің қызметін қаржыландыруға жұмсалмауы керектігін ерекше айтты. Мұндай мектептерде ата-аналардың төлемдері оқу процесін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қаржы министрі Мәди Такиев жеке мектептерге мемлекеттік тапсырыс беру тетіктерін қайта қарау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Осы мәселелерді шешу үшін жекеменшік мектептердің қаржыландыру процестері толық цифрландырылып, қызметтерге төлемдер келісім-шарттан бастап ақша төлеуге дейін есепке алынды.
OrtaBilim қызметінің биылғы 6 қаңтардағы мәліметтеріне сәйкес, e-Qazyna.kz веб-порталында 789 жеке мектеппен 78,7 миллиард теңге көлемінде қаржыландыру келісімдері жасалған. (2025 жылы – 845 мектеп). Сондай-ақ, бұрын қаржыландырылған 206 мекеме белгіленген талаптарға сай келмейді. Оқушылар мен мұғалімдерді жалған тіркеу және қосарланған есепке алу, рұқсат етілген жобалық қуаттан артық жүктеу және тағы басқа жағдайлар анықталды.
Аудит барысында төмендегідей алдын ала нәтижелер белгілі болды:
– 1 333 оқушының бір мектептен екінші мектепке 5-тен 12 ретке дейін көшуі;
– 64 жекеменшік мектепте оқушылардың саны жобалық қуаттан екі есе артық болуы;
– 2024 жылы 167 жеке мектептің салықтық есептілігінде кірістер көрсетілмеген.
Ішкі мемлекеттік аудит қызметінің аумақтық департаменттері арнайы хат жіберіп, нәтижесінде мектептер 1,2 млрд теңге көлемінде салық төледі. Бүгінгі таңда 46 мектепте қарсы тексерулер жүргізілуде.
Келесі кезеңде мемлекеттік мектептер (6 887 мектеп), балалар бақшалары мен университеттер де цифрландырылатын болады. Бұл қадам білім беру қызметтерін бюджеттен қаржыландырудың барлық циклінде толық ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жиын барысында жекеменшік білім беру мекемелерін лицензиялау тәсілдерін қайта қарау мәселесі де қаралды.
Жеке ұйымдардың азаматтарға медициналық қызмет көрсетуі саласында тәртіп орнату мақсатында үкіметтік жұмыс тобы азаматтардан келіп түсетін өтініштерді қаперге ала отырып, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ-ның активтеріне талдау жүргізеді. Оның нәтижелері бойынша Қордың тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған шаралар қабылданады.
Жиын қорытындысы бойынша Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Қаржы министрліктеріне бір апта мерзімде аталған мәселелерді шешу бойынша нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды.
Бұл жұмыстарды үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаеваға жүктелді.




