«Мектепте балалардың құқығын, ең алдымен олардың өміріне өзгенің қол сұқпау және күш көрсетуден қорғалу құқығын қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударуыңызды және осы салада орталық және жергілікті білім органдарының қызметін жеке бақылауға алуыңызды сұраймын», — деп омбудсмен бүгін Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтың атына жолдаған ашық хатында атап көрсеткен.
А.Шәкіров мұндай өтініш білдіруге ұлттық құқық қорғау мекемесінің балаларды қорғау саласындағы нақты проблемалар көрсетілген алдыңғы ұсыныстарына тиісінше көңіл бөлінбегені себеп болғанын айтты.
Омбудсмен зерттеу мәліметіне сүйене отырып мәлімдегендей, бүгінгі таңда балалардың 66,3%-ы мектепте зорлық-зомбылық көреді, күш көрсетудің куәгері, құрбаны немесе өзі кінәлі болады, сауалнамаға қатысқан балалардың 23%-ы жәбір көрген, 20%-ы бопсалауға ұшыраған, 27%-ы мұғалімдер қол көтергенін айтқан.
Омбудсмен зерттеу жүргізілген мектептердің оқытушылар құрамының жаза ретінде қол көтеруді дұрыс деп қабылдайтыны жол бермейтін нәрсе екенін айтады, онда интернат мекемелері қызметкерлер құрамының 40%-ы мұндай жазалау шарасын қолдайды.
Мұнымен қоса А.Шәкіров 16 қыркүйек күні Астананың N76 мектеп-лицейінде тарих сабағында болған бақытсыз жағдай 13 жасар жеткіншектің өліміне әкеп соқтырғанын еске салды.
Жалпыға білім беретін мектепте психикалық ауытқушылығы бар баланың оқуына жол берген мектеп психологы, ұстаздар, лауазымды тұлғалардың әрекетіне қатысты біраз сұрақтар туындайтынын айтады.
Адам құқығы жөніндегі уәкіл өкінішке орай бұл жан түршірерлік жағдай мұндай бағыттың жер жерлерде таралып отырғанын айтады, мұны қазақстандық оқушылардың төбелесі, бір бірін ұрып-соғуын таспаға түсіріп әлеуметтік желілерге орналастырып жатқаны әдеттегі құбылысқа айнала бастағанынан көруге болады, дейді ол.
Мұнымен қоса, жасөспірімдердің өзіне қол салу фактісі жиілеген.
Ол балалар құқығы мен мүдделерінің қорғалуын сапалы және шынайы қамтамасыз етуге салғырт қараушылық білім мекемелерінің өзге қызмет салаларына да кері әсерін тигізетінін айтады.