Ал, біздің бүгінгі күннің батырлары не дейді? Шымкент қаласы ТЖ департаментінің жедел-құтқару жасақтың құтқару бөлімшесінің құтқарушысы Үсен Аятханұлы күнделікті өмірін тәуекелге тігіп кірісетін мамандығы жайлы айтып берді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы.
— Осы салада қызмет етіп келе жатқаныңызға неше уақыт болды?
— 9 жыл болып қалыпты. Ыстық-суығын көріп келе жатырмыз. Таңдауыма өкінген емеспін.
— Көбіне қандай жағдаймен жиі шақыртады сіздерді?
— Мезгіліне қарай түрлі шақыртулар аламыз. Әр мезгілдің өз мінезі бар. Дүлей, тосын апаты бар. Амал қанша?!
Мәселен, қыс мезгілінде көк тайғақтың салдарынан жол апаты жиі болады. Қысылып, көлікте қалып қойған адамдарды арнайы құрылғылармен шығарып аламыз. Тіпті, алғашқы медициналық көмегін көрсетеміз. Пәтерде газға уланып жататындар болады. Ондайда көбіне көршілері хабар береді. Біз «Подъезден газдың иісі шығып жатыр» деген қоңырауларын естіп көмекке барамыз. Есікті бұзып ашып, пәтер тұрғынын құтқарып алып шығып жатамыз. Алдымызда көктем келе жатыр. Әсіресе, 1 мамырда жаппай көгалға шығып, пикник жасап демалуды ел жақсы үрдіске айналдырып алған. Қынжылтатыны, қауіпсіздік қамын жасамай, салғырт қарайтындықтарынан небір жағдайлар орын алады. Жастар жастық мінезбен тауға шығудан бәстесіп жатады. Жарақат алып немесе таудан кері түсе алмай қалып жатады. Ондай шақыртулар көп кездескен. Жазда да демалысқа шығамын деп тағы келеңсіз жайларға тап боламыз. Ата-аналар балаларын қараусыз қалдырып, балалары жоғалып, суға тұншығып қалып жатады.
— Есіңізден кетпейтін бір оқиғамен бөлісіңізші.
— 2017 жылы Төле би ауданы, Біркөлік шатқалында екі жасөспірім бала биіктігі 2 метрден астам тау шатқалына көтеріліп өз беттерімен төменге түсе алмай қалады. Кезекшіден шұғыл хабар алып, жедел түрде оқиға орнына жеткен соң іздестіру-құтқару жұмыстарына кірісіп кеттік. Түнгі уақытқа қарамастан балаларды құтқару керек болды. Ақырында балаларды таптық. Альпинистік құралдармен төмен түсіріп алдық. Осы жерде тәуекелге баруымызға тура келген тұс еді. Себебі, түнгі уақытта жұмыс істеуімізге тыйым салынған. Бұл жерде өмірлері қатерге тігіліп тұрған қаршадай балалар ғой. Суыққа шыдамауы мүмкін. Бәлкім құлап, жазым болар ма еді? Онан бөлек түннің бір уақытында таудың басында қалып қоюдың өзі үрейді алады. Олар түгілі мұндай жағдайда ересек адамның бойын да қорқыныш билейді деп ойлаймын. Сол уақытта мен ғана емес жанымда білікті құтқарушылар болды.
— Өміріңізді қатерге тігетін сәтте қорқынышыңызды қалай жеңесіз? Негізі психологиялық дайындыққа баули ма сіздерді?
— Иә, әрине. Психология, медицина салаларынан үнемі сабақ өтеді. Суда жүзу секілді дүниелерге де үйретіп отырады. Тренингтер болып тұрады. Денемізді де санамыз (психологияны) да әбден шынықтырамыз. Біздің мамандық ұдайы белсенді, энергияға толы болып жүруді қажет етеді. Тәжірибелі мамандардан білім алуға ашықпын. Сол ізденістің арқасында шыңдаласың. Өзім Оңтүстік Қазақстан облысының «ҚР «Альпинизм және спорттық құзға шығу» федерациясының альпинистерінің қатарында шыңдарды бағындыру бойынша 3-санат дәрежесін орындағанмын. 2-сыныпты құтқарушы және 1-2 сүңгуір тобының 3-сыныпты сүңгуірімін. Мұның барлығына балалық шақтан бастап спортқа деген қызығушылығым да сеп болса керек.Грек-рим күресі бойынша спорт шеберіне үміткермін. Құтқару қызметі мен спорт –ол егіз ұғым деп санаймын.
— Отбасыңыз да сіздің бұл күрделі кәсібіңізге үйренген шығар?
— Шыны керек, анам әлі күнге мамандығыма қарсы. Үйде уайымдап, алаңдап отырады. Бір қызық жағдай болған. Әлеуметтік желіден менің таудан түскен кезімдегі бейнежазбамды кездейсоқ ағам көріп қалыпты. Оқу жаттығулары болғанда 10-қабаттан жіппен түскен кезім де бар еді. Оны да көріпті. Содан, ағам байбалам салып, «Жұмыстан шық» деп қоймады. Жақындарымды да түсінуге болады. Уайымдайды ғой. Өзім де кезекшіліктен тыс уақытта отбасыма көңіл бөлуді ұмыт қалдырмауға тырысамын.
— Құтқарушылардың ерлік істері, еңбегі қаншалық бағаланып жатыр деп ойлайсыз?
— Құтқарушылардың еңбегі бағалануда. Мемлекет, әкімшілік тарапынан құрмет грамоталарын алып жатырмыз. Қоғамнан жиі алғыс естейміз. Елеп-ескерусіз қалып жатқан жоқпыз.
— Осы мамандықты таңдап келіп жатқан жастардың қатары көп пе қазір? Әлде кадр тапшылығы бар ма?
-Кадр тапшылығы сезілмейді. Жастардың қызығушылығы баршылық. Егер бос жұмыс орны шыға қалса маман табылады.
— Өзіңіздің ұл-қыздарыңыз әке жолын қуғанын қалайсыз ба?
— Тәрбиелеп отырған ұлым да қызым да бар. Шүкір, мен бақытты әкемін. Әрине, жолымда қуғандарын қаламас едім. Бірақ, таңдау өз еріктерінде. Әр баланың қабілетіне байланысты таңдауларын жасар. Біз тек жол көрсетіп, демеп жүреміз ғой. Балаларымның жақсы қызмет атқарғанын қалаушы едім. Бізде карьералық өсу жолы кішкене кенжелеу. Өйткені, штат аз дегендей. Белгілі бір уақыт аралығында ауысым жоқ. Мысалы, мен 9 жылдан бері әлі күнге құтқарушымын. Одан үлкен Бас құтқарушы, Бөлім басшысы деген міндеттер бар. Бірақ, ол орын бос емес. Ол жерде отырған маман зейнетке шықпайынша мүмкіндік жоқ.
— Өмір мен өлім күресін күнделікті көресіздер. Адамдарға берілген өмірдің қадіріне жету керектігін айтқыңыз келетін шығар?
— Психологиялық дайындықтың арқасында қандай жағдай болса да ауыр қабылдамауға тырысамыз. Әйтпесе, сіз айтқандай күнделікті өмір мен өлімнің арасында арпалысқан талай адамды көрдік. Оның барлығын көңілге жақын алсақ, біздің құтқару қызметіміз жайына қалады. Сол адаммен бірге жылап, қиналып босаңсуға жол жоқ. Дегенмен, ой түйетініміз жасырын емес. Бір рет келетін, қысқа ғұмырды сүре білген дұрыс. Әр уақыттың бағасына жетіңіздер!
Сұхбатыңызға рақмет!