Үш күнге созылатын бұл шараны ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы мен Қазақстан баспагерлері мен кітаптаратушылар қауымдастығы «Атакент-Экспо» халықаралық көрме компаниясымен бірлесіп ұйымдастырды.
«Биыл 7-ші рет өткізіліп отырған халықаралық бұл көрменің еліміздегі алатын орны ерекше. Мәдениетіміздің өрісін кеңейтуде және ел мен елді елдестірудегі кітаптың рөлін сөзбен жеткізе алмаймыз. Бүгінде әлемдік кітап нарығында Қазақстан өзінің бай мәдени мұрасын мақтанышпен көрсететін мемлекетке айналды. 13 елдің 98 баспасының Алатаудың баурайында бас қосқаны соның дәлелі», — дейді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары Арыстанбек Нұрмаханов.
А. Нұрмахановтың айтуынша, мәдениет саласындағы мұндай халықаралық көрмелер ел мен елді жақындастырып, ғасырдан ғасырға ұрпақты жеткізетін және мол мәдени мұраны кеңінен насихаттайтын ұлы алаң.