Өнер жұлдыздарына Отан алдындағы борышын өтеу неге міндетті емес? - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+14 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Өнер жұлдыздарына Отан алдындағы борышын өтеу неге міндетті емес?

Өнер жұлдыздарына Отан алдындағы борышын өтеу неге міндетті емес?

Жыл сайын Қазақстанда 18-27 жас аралығындағы барлық жас жігіттер көктем және күз мезгілінде әскер қатарына шақырылады. Әскери қызмет және Қазақстан Республикасын қорғау әр азаматтың парызы мен міндеті болып табылады.

  • 16 Қазан 2019
  • 111
Фото - Caravan.kz

Әскерге бару әр азаматтың міндеті болғанымен, еліміздегі өнер жұлдыздары Отан алдындағы борышын өтемеген.

Caravan.kz медиа порталының тілшісі Армияға бармаған өнерпаздарды анықтап көрді.

Үйдің үлкені болып әрі шаңырақ көтерген Нұржан Керменбаев әскерге бармағанын айтып, 27 жастан кейін Отан алдындағы борышын өтейтіндердің тіпті іздемейтінін айтып берді.

Нұржан Керменбаев:

— Әртүрлі себептермен әскерге барған жоқпын. Біріншіден, әкем қайтыс болды одан кейін мен үйдің үлкені болдым. Одан соң шаңырақ көтердім, сосын 27-ден кейін олар іздемейді екен ғой. Дегенмен басты себеп денсаулығыма байланысты, майтабан болғандықтан мені әскер алған жоқ. Осындай себептер бойынша Отан алдындағы борышымды өтеуге барған жоқпын.

Ал “Алау” тобының әншісі әрі актер Ержан Мұқатаев жоғары оқу орнында оқып жүрген кезінде әскери кафедраны бітіргенін айтты.

Ержан Мұқатаев:

— Біріншіден, мен үйдің жалғыз ұлымын, әпкем бар дегенмен ұлдан жалғыз, бұл бірінші себеп. Ал екінші себеп, мен жоғары оқу орнында оқып жүрген кезде әскери кафедраны оқығандықтан, менің де барлығымен бірдей “Отан алдындағы борышын өтеді”, — деген құжатым бар. Сондықтан, өзімді әскерге бармағандардың қатарына жатқыза алмаймын. Жалпы, отан алдындағы борышын өтеу әрбір азаматтың міндеті ғой.

“Диета KZ” тобының әншісі, актер Жасұлан Базарбаев денсаулығына байланысты әскери борышын өтемегенін айтты.

Жасұлан Базарбаев:

— Мен бүйрегімнің ауыратынына байланысты, яғни денсаулығыма байланысты әскерге барған жоқпын. Жасымыз 30-дан кетті, мына денеммен барамын десе алмайтынына сенімдімін. Қазір 100 метрге жүгір десе де жүгірмейсің ғой. Қазір өкінемін деп айта алмаймын, енді басында жас кезде болған шығар, ал қазір әскерге барғаныма өкінемін деп айта алмаймын.

Әнші Бауыржан Ретбаевты тіпті әскерге шақырмаған, жақында ғана шаңырақ көтерген әнші де отан алдындағы борышын өтемеу себептерін Caravan.kz медиа порталының тілшісіне айтып берді.

Бауыржан Ретбаев:

— Мен әскерге ешқашан барған жоқпын, шақырған да емес. Жасым қазіргі таңда 26 жаста, оның үстіне шаңырақ көтердім сондықтан әскерге шақырулары екі талай. Оның үстіне үш әпкем бар, мен үйдің кенжесі әрі жалғыз ұлымын. Осы себептерге байланысты әскерге шақырылмаған шығармын деп ойлаймын. Ел басына күн туса, алдыңғы болып кететіндердің қатарындамыз, бірақ ондайдан Құдай сақтасын! Еліміз аман болсын!

“Чип чип” әнімен танылған Асхат Тарғынов запастағы офицер болғанымен, әскери өмірді ешқашан көрмеген екен.

Асхат Тарғынов:

— Әскерге ешқашан барған емеспін. Ол кезде мен ауылда болдым, ата-анама көмектестім. Өз басым ауылда, ата-анамның жанында мал шаруашылығымен айналыстым. Үлкен ағам әскерге барған еді, мені үйдің кенжесі болғандықтан шақырмаған шығар. Болашақта мүмкін ұлым барып қалар, дегенмен де ол уақыттың еншісінде.

Лидия Кәденованың ұлы, әнші Дидар Кәден сұхбаттарының бірінде ол да Отан алдындағы борышын өтемегенін, оған бірнеше себеп бәрін тілге тиек еткен еді.

Дидар Кәден:

— Күніге 4 сағатқа ғана уақытым бар. Сондықтан, ағаларымыз түсінетін шығар деген ойдамын (күліп). Бірақ барлық медициналық өту керек нәрселерден өтіп, енді алуым керек.

“Жігіттер” тобындағы Бағлан Әбдірайымов әскерге ешқашан бармаған, ол жөнінде тіпті ойланбаған. Отан алдындағы борышын өтемеген Мақсат Базарбаев та бар, әнші әскерге бармағанымен халыққа өнерімен қызмет етіп жатқан көрінеді. “Өнер қырандары” театрының мүшесі Мадияр Серікбаевтың заманында әскерге тек ақшалы адамдар баратын болған. Жұбаныш Жексұлы болса “өмірдің өзі әскер, ер азаматты әскер емес, өмірдің өзі еркек етеді”, — деген ұстанымда. Ал Айқын Төлепберген мен Ерлан Орынбасаров запастағы офицерлер болғандарымен, әскери өмірді ешқашан көрмеген.

Соңғы жаңалықтар