Өңдеуші саланы дамытпай, мал өнімінің импортынан құтылу оңайға соқпас - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+21 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Өңдеуші саланы дамытпай, мал өнімінің импортынан құтылу оңайға соқпас

Өңдеуші саланы дамытпай, мал өнімінің импортынан құтылу оңайға соқпас

Бүгінгі әлем үшін күн тәртібіндегі ең үлкен мәселелердің бірі - азық-түлік қауіпсіздігі.

  • 13 Шiлде 2011
  • 676
Фото - Caravan.kz

Халықаралық аузы дуалы сарапшылар азық-түлікпен байланысты жаһандық жағдайдың алдағы уақытта адамзатқа айтарлықтай проблема әкелетінін, сондықтан кез-келген мемлекет үшін агроөнеркәсіп кешенін дамыту басымдық болатынын алға тартады. Жаһандық деректерге үңілсек сарапшылардың сәуегейлігі нақтылана түсетінін аңғарамыз. Мәселен, әлемде ашаршылықтың салдарынан созылмалы ауруға ұшыраған адамдардың қарасы дүние жүзіндегі халықтар санының 14 пайызын құрайды екен. Сонымен қатар ағымдағы жылы 29 мемлекет азық-түлік тапшылығынан жапа шегіп отырса, 7 мемлекет астық шығынының төмендігінен, қуаңшылықтан туындайтын жағымсыз салдармен күресті қолға алып жатыр Ал дүние жүзінде халықтар саны 2050 жылы 9,5 млрд. адамға жетуі мүмкін деген болжамды есепке алсақ, азық-түлікке қатысты жағдай одан сайын күрделене түсенінін аңғарамыз.

Сондықтан да ауыл шаруашылығы инфрақұрылымдарын дамыту кез-келген ел үшін бірінші орында тұрған аса өзекті мәселе болып табылады. Сонымен қатар Қазақстан үшін агроөнеркәсіптік кешен әлеуетін арттыра түсу де аса маңызды даму бағытының бірі. Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасымен еліміздің ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға қырауар қаражат бағытталды. Осы бағытта Елбасы қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығының қуатын арттыруға ерекше назар аудару қажеттігін ұдайы көтеріп келеді. Мәселен, ағымдағы жылғы Жолдауында Президент ауыл шаруашылығындағы еңбек­тің өнімділігі 2014 жылға қарай 2 есе, ал 2020 жылға қарай 4 есе өсетінін айтқан болатын. «Аграрлық секторда етті мал ша­руашылығын дамыту жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген жоба жүзеге асырылады. 2016 жылдың өзінде ет экспорты 60 мың тоннаға жетеді, мұның құны 4 миллион тонна бидай экспортына тең. Мемлекет бұл мақсатқа 130 миллиард теңгелік несие ресурстарын бөледі. Бұл ауылдық жерлерде 20 мыңнан астам жұмыс орындарын ашуға мүм­кін­дік береді, жүз мыңнан астам ауыл тұрғындарының кіріс көзіне айналады. Мұның өзі малдың барлық түрінің асыл түліктері мен тұқымдарының бас санын көбейтуге мүмкіндік береді. Бұлардың барлығы сабақтас салаларда — ауылшаруашылық мәшинесін жасауда, химия және тамақ өнеркәсібінде, жемшөп өндірісінде, техника жөндеуде өндірісті ұлғайтуға қозғау салады», — деген еді Н. Назарбаев биылғы Жолдауында.

Белгіленген межеге жету үшін Қазақстанда қолайлы даму алғышарттары қалыптасқаны белгілі. Мал санын арттыруға, оның ішінде жайылымдармен қоса мал бордақылау алаңдарын көбейтуге барынша күш салынып жатқаны да сондықтан. Алайда соңғы уақытта елдің экспорттық әлеуетіне үңілген мамандар мал шаруашылығының дамуымен қоса осы саладағы өңдеуші секторды да ілгерілете дамыту қажеттігіне назар аудартып келеді. Енді осы проблемаларға тоқталып өтсек.

Статистика агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, еліміздегі ет өңдеу кәсіпорындарының қуаты жылына 342,2 мың тонна өнімді құрайды. Бұл ретте 2010 жылдың соңына таман республика бойынша ірі қара мал саны 6 млн. 175,3 мың басты құраса, сойыстағы малдың еті 937,4 мың тоннаны құраған. Бұл бір. Екіншіден, Қазақстанда төрт түлік мал басының жеткіліктілігіне қарамастан, Ресейден ет өнімдерін (оның ішінде шұжық, консерві секілді ет өнімдерін) импорттап келеміз. Мәселен, көршілес елден келетін импорттар құрылымында ет өнімдерінің үлесі 97 пайызды құрайды екен. Яғни, мамандардың саралы сараптауына салсақ Қазақстанда елді өзінің шығаратын ет өнімдерімен қамтамасыз ету үшін барлық алғышарттар қалыптасқанына, тіпті экспорттау мүмкіндігінің зорлығына қарамастан ет өнімдері мәселесінде сыртқа тәуелділік әлі де азаймай отыр.

Тағы бірқатар сандарды сөйлетсек: қазіргі күні елімізде өндірілетін еттің тек 28 пайызы ғана өңдеуге жіберілетін көрінеді. Яғни, сойылған мал етінің аз ғана бөлігінен өнімдер алынады, қалғаны өңдеусіз сатылады. Соның салдарынан еттен жасалатын өнімдердің орнын сырттан келетін импорт толтырып отыр. Оған себеп — Қазақстанда отандық ет өңдеуші кәсіпорындардың қуаты толық пайдаланылмай келеді. Мәселен, бүгінгі күні елімізде 275 ет өңдеуші кәсіпорын тіркелсе, оның ішінде тек 10 пайызы ғана толыққанды жұмыс істеп, ет өнімдерін шығарады екен. Деректерге сүйенсек, ет өңдеуші кәсіпорындардың басым бөлігі техникалық және технологиялық жарақтандыруды, жаңғыртуды, жаңалауды, тіпті заман талабына сәйкес қайта құрылымдауды талап етеді. Кезінде өнім өндіру қуаты зор болған кәсіпорындардың басым бөлігі жабдықтардың тозып, істен шығуы салдарынан шағын ет комбинаттарына, мал сою цехтарына айналып кеткен. Ал кеңес одағынан қалған кейбір алып комбинаттар ет өңдеуге еш қатыссыз, осы саладағы өнімді өндіруге еш жанаспайтын шараларды атқаруға көшкен. Еліміздегі ет өңдейтін 50 кәсіпорын ғана заманға лайық сапа менеджментін ендіріпті. Ендеше осының өзі экспорттық бағыт үшін үлкен тежеу болатыны айқын. Оның үстіне жұмыс істеп тұрған ет комбинаттарының басым бөлігі заманауи стандарттарға да жауап бермейтін көрінеді.

Ал келешек дамуға қатысты жоспарлар тұрғысынан мамандар пікіріне құлақ ассақ, саладағы бірқатар проблемалардың шешіміне мемлекеттік көзқарастың қажеттігін сездіреді. Мәселен, Мәжіліс депутаты Мейрам Пішембаев Индустрияландыру картасына сәйкес, ел аумағының көп өңірлерінде мал бордақылау алаңдарын құру бойынша жобаларға баса назар аударылғанымен, ет өңдеу кешендері құрылысын салуға көп мән берілмегенін алға тартады. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша мұндай нысандар салу еліміздің Ақмола, Ақтөбе, Қостанай облыстарында ғана жоспарланған екен. «Ет өнімдері үшін шикізаттың мол қоры бола тұра Қазақстанда ірі заманауи әрі инновация мен жаңа технологияларға негізделген ет өңдеу кәсіпорындарының болмауы азық-түлік қауіпсіздігіне де елеулі әсер етеді. Біз шетелден еттен жасалған өнімдерді импорттай отырып, оның сапасына қатысты мәселені лайықты деңгейде көтере алмай келеміз. Сондықтан да, алдағы уақытта елдің өңірлерінде ірі ет өңдеу кәсіпорындарының құрылғаны абзал болатын еді», — дейді М. Пішембаев. Бұл ретте депутат проблеманы кешенді шешу үшін өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы ет өңдейтін комбинаттар құру қажеттігін айтады. Бұған «ҚазАгро» холдингінің қолдауы керектігін де еске салады.

Расында, аграрлық бағытты бетке алған Қазақстан үшін ауыл шаруашылығының әрбір тетігіндегі олқылықты уақытылы шешу даму межесінде үлкен рөл атқарады. Оның үстіне ірі қараның мыңғырған тұяғы болғанымен, ет өнімдері бойынша импортқа тәуелді болып қалу да ақылға сыймайтындай көрінеді. Бір жағынан ел халқының 40 пайыздан астамы ауылды жерлерде тұратынын, ондағы тұрғындардың жартысына жуығы мал ұстайтынын ескерсек, ет өңдеу кәсіпорындарының өңірлерде шынымен де жеткіліксіздігі анық байқалады. Ал сала мамандары тиісті шаралар атқарылса, елімізде ет өңдеуді 70-80 пайызға дейін арттыруға болатынын да айтады. Ендеше мал шаруашылығымен бірге, оның өнімін өңдеу саласының қарқынын да арттырған ләзім.

Соңғы жаңалықтар