Өңірлер бюджеттен бөлінген 143 млрд. теңгені игере алмай отыр - баспасөзге шолу
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Қазақстан Тәуелсіздігі күнін «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы өндірістік өрлеу үстінде қарсы алды. Мереке үстінде мұнда құны 600 миллион теңгелік жаңа инвестициялық жобаны іске қосу салтанаты өтті. Енді, құю цехын қуаттандыру нәтижесінде еңбек өнімділігі үш есе артатын болады. «Франкоитальяндық «Sidel» компаниясының жетілдірілген автоматты желісін орнату нәтижесінде зауыт конвейерінен сағатына |
14 мың шөлмек сусын шығатынын айтқан директорлар кеңесінің төрағасы Асқар Әлиев облыс басшылығы мен ұжым мүшелеріне алғысын жеткізді. Жаңа жоба көптеген әлеуметтік қолайлылықтарға да жол ашпақ», - деп жазады басылым. Мәселен, газеттің жазуына қарағанда, 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақы көлемін 20 пайызға көтеруге мүмкіндік туып отыр. Оның үстіне, ауысым жиілігін қысқарту арқылы бес күндік жұмыс кестесі қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ, қаланы нәрлендіруші кәсіпорын бюджет салықтарының ауқымын 4,5 миллиард теңгеге жеткізуді көздеуде. Ақпарат «Инвестициялық жоба іске қосылды» деген тақырыппен берілді.
Осы басылымның жазуынша, Тимирязев ауданына қарасты Докучаев елді мекенінде мал шаруашылығымен айналысатын «Атамекен Агро-Тимирязево» ЖШС «Сыбаға» бағдарламасы аясында 260 асыл тұқымды ірі қара малын сатып алды. Мұхиттың арғы жағынан әкелінген түлік арнайы жабдықталған көліктермен жеткізілді. Серіктестік директоры Қ. Сапулатовтың айтуына қарағанда, асыл тұқымды малдар жергілікті жерге үйретілгенше жылы қораларда ұсталады.
***
«Мәскеуге жұмыс сапарымен келген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің (ҰҚК) сессиясына, ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің және Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңесінің (ЖЕЭК) отырыстарына қатысады. Іс-шаралар алты мемлекет басшыларының қатысуымен Мәскеудегі Үлкен Кремль сарайында өтеді», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті бүгінгі санындағы «Насыщенная повестка дня рабочего визита Главы государства в Москву» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, ҰҚШҰ ҰҚК-нің сессиясына Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан президенттері қатысады. Мемлекет басшылары заманауи халықаралық ахуал мен ұжымдық қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге қатысты мәселелерді талқылайды. Жаңа қауіп-қатерлермен күресу үшін ҰҚШҰ-ға мүше-мемлекеттердің әлеуетін нығайту бойынша іс-шараларды қарау жоспарланған.
***
1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанда жергілікті бюджеттер шамамен 143 млрд. теңгені игерген жоқ. Айта кетерлігі, 1 қазандағы жағдайға сәйкес Астана бөлінген қаржыны игеру жағынан кейінге қалып отыр. Қала бөлінген қаражаттың не-бәрі 89,5 пайызын ғана игерген. Бұл жайында «Время» газетіндегі «Чиновники просят больше, чем могут пережевать!» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. Басылымның Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің бұрынғы басшысы, қазіргі Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаевтың мәлімдемесіне сүйене отырып жазуынша, мемлекет қаржысының игерілмеуінің басты себебі жоспарлауға кететін шығындар көрінеді.
Сондай-ақ осы басылымның «Работа над ошибками» деген тақырыппен берілген мақаласында қызылордалықтар қала көшелеріндегі сауатсыз жарнамалармен күресті қолға алатыны жайында баяндалған. Осы мақсатта «Таза тіл» деп аталатын жастар қозғалысы да құрылған. Қозғалыс белсенділері алыпсатарлардың «Жарнама туралы» Заңды бұзбауын, қала көшелерінде ілінетін сыртқы жарнамаларда орфографиялық қателер жібермеулерін қатаң қадағалауларына алмақ. Егерде қате кеткен мұндай баннерлер немесе билбордтар «Таза тіл» қозғалысы мүшелерінің назарына ілігер болса, онда олар жарнама нысанының иесін іздеп таппақ. Ал одан кейін оның жіберген қателіктерін түзетуге бар күш-жігерлерін жұмсамақ.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін