Биыл республика үкіметінің бастамасымен Ақтөбе, Қарағанды және Өскемен қалаларында үш аймақтық экономикалық форум өткізілді. Оңтүстік аймақтық экономикалық форум осынау ауқымды республикалық шараны аяқтайды, деді Б.Маханов.
Оңтүстік аймақтық экономикалық форумға Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстары мен Алматы қаласынан 200-дей қатысушы келеді. Сондай-ақ, үкімет басшысы Даниал Ахметов, экономика және бюджетті жоспарлау, индустрия және сауда министрлері, даму институттарының жетекшілері мен басқа да ресми адамдардан құралған ауқымды үкіметтік делегация келеді деп күтілуде.
Бас қосуда инновациялық даму стратегиясын жүзеге асырудағы ғылымның ролі, ғалымдар мен өнеркәсіпшілердің ара қатынасы тәрізді мәселелер басты әңгіме арқауына айналмақшы.
Бас қосу аясында өнеркәсіп және ауылшаруашылығы өнімдерінің көрмесі мен жәрмеңкесі ұйымдастырылады.
Оңтүстік Қазақстан облысында 2001-жылдан бері облыстық экономикалық форумдар жыл сайын өткізіліп келеді. Бұл шаралар бұған дейін облыстық мәртебеге ие болғанымен, ұйымдастырушылар оларға басқа облыстардан да ресми өкілдер мен кәсіпкерлерді шақырып келген.