2004-жылы қазақ тілін дамытуға 5 млн. теңге бөлінген. Бұл қаржының бір бөлігі іс жүргізуді қазақ тіліне көшіруге, қызметкерлерді оқытуға, ал қалған бөлігі елді мекендер мен көшелердің атауын өзгертуге жұмсалды.
Жастар және ішкі саясат департаментінің төрағасы Ұлысбек Сәдібековтің хабарлауынша, 2004-жылы 235 шенеунік қазақ тілін оқытуға арналған дәрістен өтті. Алайда, оқыту сапасы көңіл көншіте алмайды. Сондай-ақ, мықты тәржімашылардың жоқтығы да үлкен проблемаға айналып отыр. Соның салдарынан , мәселен, судьялардың басым бөлігі сот үкімдерін орыс тілінде жария етуге мәжбүр. Көптеген балабақшаларда қазақ тілді топтарда тәрбиеші жетіспейді. Білім беру департаментінің төрайымы Сайлаукүл Барахова өз сөзінде Кеңес одағы дәуірінде балабақшаларда біртұтас оқыту бағдарламасы болғанын атап өтті. Ал қазір тәрбиешілер әдістемелерді өздері ойлап табуға мәжбүр, ал бұл мүлдем теріс дейді С.Барахова. Оның пікірінше, бағдарлама жобасын жасауға филолог мамандар мен ғалымдар қатысуы тиіс.
2005-жылы облыста қазақ тілін дамытуға 11 млн. теңге бөлінеді. Бұл қаржы іс жүргізуді қазақ тіліне көшіруге, әдістемелік оқулықтар шығаруға, викториналар мен байқаулар ұйымдастыруға, түрлі зерттеулер жүргізуге жұмсалады.