«Біздің зертханалық мәліметтерімізге сәйкес күйдіргі анықталған жоқ. Сойылған малдың етінен алынған бірде-бір сынамадан күйдіргі қоздырғышы анықталған жоқ»,- деп хабарлады Kazakhstan Today тілшісіне Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мал дәрігерлік инспекторы Жүнісбек Тоғанаев. Маманның пікірінше, адамдар ауруды топырақтан жұқтырған.
Соған қарамастан, республикалық ауылшаруашылығы министрлігінің мал дәрігерлік қызметі департаментінің директоры Асылбек Қожамұратовтың қатысуымен жуырда өткен кеңесте Сарыағаш ауданында күйдіргі дертінің таралуына байланысты бірқатар лауазым иелірінің жұмыстан шығарылғаны туралы жария етілген. Мәселен, ауданның бас мал дәрігері, бір ауылдық мал дәрігерлік инспекторы мен аудандық мал дәрігерлік зертханасының бактериолог маманы жұмыстан шығарылған. Ал А.Қожамұратовтың мәлімдеуінше, мал дәрігерлік инспекторлар «өздеріне жүктелген міндетті орындай алмауға байланысты және бактериологиялық зертханалардың қызметкерлері лауазымдық құзыретін асыра пайдалануға және тұрғындар арасында ағартушылық жұмыстардың мүлдем жүргізілмеуіне байланысты» жұмыстан босатылған.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Сарыағаш ауданында үш ауылдың тұрғыны болып табылатын тоғыз адам күйдіргі деген күдікпен ауруханаға жатқызылып, олардың екеуінен ауру расталды. Олардың бәрі де ауырған малды сойған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті