«Қазіргі кезде іс бойынша жүргізілген тергеу аяқталды, айыпталушылар қылмыстық іспен танысуда. Бұл, әрине белгілі уақытқа созылады. Содан кейін айыптау қорытындысын шығарып, істі сотқа жіберу үшін прокурорға ұсынатын боламыз»,-деді Т.Адай.
Прокурордың көмекшісі іспен танысу процедурасының аяқталу мерзімін атамады. «Айыпталуышларды біз асықтыра алмаймыз. Тезірек аяқтаңдар деп те айта алмаймыз. Кезекпен таныстырып жатырмыз. Кейбірі іспен танысып болды, бірі аяқтауға жақын», деді ол.
Істің басты айыпталушыларының бірі жүйкесі тозғандығы туралы анықтама қағазын алыпты мыс деген дақпырт сөз туралы, Т Адай: «Бұл анықтама қағазына қатысты ешқандай мәлімет жоқ», деп жауап берді.
Осыған дейін хабарлағандай, Оңтүстік Қазақстан облысында облыстық денсаулық сақтау департаментінің және облыстағы емдеу профилактикалық мекемелерінің 17 басшысының үстінен 82 баланың қатерлі дертке шалдығуына қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын.
Атап айтқанда, ОҚО денсаулық сақтау департаменті директоры Нұрсұлу Тасмағамбетова мен оның екі орынбасары-Нағима Жолдасова мен Рахима Қуандықованың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Сонымен қатар, облыстық балалар ауруханасының бұрынғы бас дәрігері Ташмұхан Тойбековтың және оның орынбасары мен екі бөлім меңгерушісінің үстінен іс қозғалды. Облыстық қан орталығының бас дәрігері Шора Сейдиновада айыпталуда. Лауазым иелеріне өз міндеттеріне салғырт қарағандары үшін айып тағылуда.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті