Облыстық экономика департаментінің бастығы Кенжехан Төлебаевтың айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысында балықты өнеркәсіптік аулау көлемі жыл сайын азая түсуде. Мәселен, егер 1998-жылы 462,7 тонна балық ауланса, 1999-жылы 331 тонна, ал 2002-жылы 206 тонна балық ауланған. Биылғы лимит көлемі 525,5 тонна болғанына қарамастан жарты жылда небәрі 42 тонна балық ауланған. (90-шы жылдардың басында жылдық орташа көрсеткіш 1500 тоннаны құрайтын).
ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің облыстық аумақтық басқармасының мәліметі бойынша облыста қазір 10 кәсіпорын балық аулаумен шұғылданады. Балық аулаушы топтар бөлінген лимит көлемін толтыра алмай отыр. Олар мұндай жағдайды балық қорының түгесілуімен байланыстырып түсіндіреді. Соған қарамастан облыстағы қара базарларда басым бөлігі браконьерлік жолмен ауланған жас, кептірілген және ысталған балық түрлерінен жаймаларда көз сүрінеді.
Ал облыста табиғат қаскөйлерімен күрес мүлдем дерлік жүргізілмейді. Орман және биоресурстар жөніндегі облыстық басқармасының бас маманы Ораз Егінбердиевтің KZ-today тілшісіне хабарлауынша, 2000-жылы заңсыз балық аулаумен айналысқан 184 адам ұсталса, 2001-жылы небәрі 122 адам , ал 2002-жылы 100 браконьер ғана қолға түсті.
Кеңесте атап көрсетілгеніндей, «облыстағы балық шаруашылығының мұндай мүшкіл ахуалына заңсыз балық аулауға бақылау мүлдем жасалмау факторы әсер етіп отыр». Инспекторлар штатын арттыру үшін облысының барлық аудан орталықтары мен қалаларда балық аулау және өсіруге мемлекеттік бақылау жасайтын құрылымдар құру көзделіп отыр. Сондай-ақ, балықты делдалдардың қатысуынсыз саудалау жұмысы жолға қойылмақшы.