Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Төле би» шекаралық бақылау бекетінде шекаралық тексеру кезінде Өзбекстаннан Қазақстанға бет алған Өзбекстан азаматы ұсталды. «Тексеру кезінде оның киімі мен заттарының арасынан 12 млн 700 мың теңге көлемінде декларацияда көрсетілмеген ақша табылды»,- деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Сонымен бірге Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекарада «Қордай» бақылау өткізу бекетінде Қырғызстанға «476 мың қырғыз сомы көлемінде контрабандалық ақшаны» алып өтуге әрекет жасаған Қазақстан азаматшасы ұсталды.
Шекарашылардың ақпаратына сәйкес, «Атакент» заставасы аумағында, қазақ-өзбек шекарасында тіркемелі екі «КамАЗ» автокөлігін мінген Өзбекстанның үш азаматы ұсталды. «Бұл азаматтар Қазақстаннан Өзбекстанға 2 млн теңгенің азық-түлік өнімдерін контрабандалық жолмен алып өтпек болған», деп хабарлайды баспасөз қызметі.
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің ақпаратына сәйкес, жалпы алғанда өткен аптада ақпанның 5 мен 12 аралығында мемлекеттік шекараны бұзған 328 адам ұсталған. Шекаралық заставалар мен өткізу бекеттерінде контрабандалық жүк алып өтуге жасалған 38, соның ішінде есірткілік заттарды алып өтуге жасалған 6 оқиға анықталды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті