Жарияланды: 490

Оңтүстік Қазақстан облысында Шардара су қоймасына қатысты күрделі ахуал әлі де сақталып отыр

Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан арасындағы келісімге қарамастан Шардара су қоймасына құйылатын су көлемі азаймай, ахуал күрделі күйінде қалып отыр. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 4-қаңтарда Шымкентте қол қойылған хаттамаға сәйкес, Өзбекстан 6-қаңтардан бастап Арнасай ойпатына секундына 650 текше метр су тастауды қамтамасыз етуі тиіс. Алайда, күні бүгінге дейін Арнасайға тасталатын су көлемі секундына 300-350 текше метрден аспай отыр. Қырғыз жағы Тоқтағұл су қоймасынан тасталатын су мөлшерін секундына 650 текше метрден 500-ге дейін азайтуы тиіс болатын, алайда бұл байлам күні бүгінге дейін орындалған жоқ. Сондай-ақ, Шымкент мұнай өңдеу зауытының өнім сату бөлімінен KZ-today тілшісіне хабарлағанындай, Бішкек Жылу электр станциясына арнап Қырғызстанға мазут жөнелту жұмысы әлі қолға алынбаған. Оның кешеуілдеу себептері де беймәлім. Бүгін 14 сағатта Ташкентте үкіметаралық жұмыс тобының жиналысы өтіп, аталмыш мәселе жан-жақты талқылануы тиіс. "Оңтүстік су шаруашылығы " РМК-ның мәліметіне сәйкес, қазіргі жағдаймен Шардара су қоймасында 4 млрд. 669 млн. текше метр су жиналып отыр. (6-қаңтардағы көлем 4510 млн. текше метрді, ал 4-қаңтардағы жағдаймен 4376 млн. текше метрді құрады.) Су қоймасының жобалық көлемі 5200 млрд. текше метрге тең. Су қоймасына ағып келетін су көлемі секундына 1484 текше метрді құрайды. Ал Сырдария арнасына тасталатын су көлемі секундына 700 текше метрді, Арнасайға тасталатын көлем секундына 350 текше метрді, Қызылқұм каналына жіберілетін көлем секундына 70 текше метрді құрайды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін