«Оңтүстік Қазақстан облысы, Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстанда өсірілетін мақта шикізатына қол жеткізе алатындығымен аталмыш кластердің әлеуеті айқындалады»,- деді министр. Сонымен бірге қазіргі бар тоқыма кәсіпорындарын қайтадан жарақтап, жаңасын құрудың, адами ресурстарды дамытуға қажетті базаның бар екені, өндірістік шығындар деңгейінің төмендігі, мақта және тоқыма өнеркәсібі өнімдеріне сұраныстың молдығы мен Қытай, Азия елдері, Ресей, Еуропа және Таяу Шығыс елдері сынды өнімді өткізетін рыноктарға жақындықтың маңызы зор.
«Дегенмен Қазақстандық кәсіпорындар еңбек өнімділігін арттыру, маркетингті жетілдіру, өндірістің логистикалық тізбегіне шығу, өндірістік процестердің сапа стандарттарын жақсартуға баса назар аударуы тиіс»,- деді Қ.Келімбетов.
Министрдің пікірінше, отындық рынок аясының тарлығы мен еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өткеннен кейін шетелдік кәсіпкерлер тарапынан бәсекелестіктің күшейе түсетінін де ескеру керек. «Мен кәсіпкерлердің алдағы бәсекелестіктен жүрексініп, алаңдаушылық танытуын түсінемін. Бірақ біз одан қорқудың орнына, аталмыш ұйымның бізге беретін мүмкіндіктерін мейлінше жан-жақты пайдалануға талпынуымыз қажет»,- деді ол.
Қ.Келімбетовтың пікірінше, «ғаламдық бәсекелестік жағдайында құрдымға кетпеу үшін қазақстандық кәсіпорындар мен үкімет күш біріктіруі қажет». «Бұған дейін ұлттық кәсіпкерлік саласын аяғынан тік тұрғызу және оны нығайту мақсаты алға қойылып келсе, ендігі жерде біз оның бәсекелестік қабілетін арттыруға және әлемдік экономикаға кірігуге күш салуымыз керек»,- деді ол.