Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, үш жерде бірдей ұзындығы 20 шақырымға созылған мұз сеңдердің түзілуі салдарынан жағалаудағы аумақтар су астында қалған. Соған байланысты судың деңгейі бірнеше метрге көтерілді.
Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасының баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Отырар ауданында Маяқұм және Шеңгелді ауылдарының аумағы су астында қалды. Шәуілдір-Балтакөл автожолының 120 шақырымын су басу кесірінен бұл трассадағы қозғалыс тоқтатылды. Су басқан аймақта тұрғын үйлер мен мәдени-әлеуметтік нысандар жоқ. 400 басты мал қауіпсіз жерге көшірілді.
Темірлановка ауылында 1870 адамға арналған 228 шатыр әзірленді. Тасқынға төтеп беру шараларына 1222 адам мен 39 техника тартылды. Олардың арасында ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі және «Югвзрывпром» АҚ-ның мамандары мен әскерилер бар.
Жергілікті билік өзендегі жарылыстарды одан әрі жалғастыруға шешім шығарды. 23-ақпанда мұз бір мәрте жарылып, 500 метр жерде сеңнің көбесі сөгілді. Бүгін жарылыс жұмыстары одан әрі жалғасады.
Ал Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданының әкімі Нұрмахан Жолдасовтың айтуынша, қалың қардың құрсауында қалған 32 елді мекенмен арада көлік қатынасы үзілді. Соның ішінде 22 ауыл әлі де қардың астында жатыр. Қазіргі жағдаймен елді мекендер аумағы мен жолдарды қардан тазарту жұмысына 35 техника мен 3050 адам, соның ішінде шекара және ішкі әскерлер сапындағы 550 жауынгер жұмылдырылған. Байланыс үзілген ауылдарға дәрігерлер мен дәрі-дәрмектер жеткізу үшін Леңгір шаңғы базасынан қарда жүргіш екі көлік шығарылды.