Бұл жөнінде zamana.kz порталына Қуаныш Нұртөреев есімді азамат хабарлаған.
Оның айтуынша, басынан қатты жарақат алған қыз баланы өлтірген соң мәйітін бүктеп тесіктен тастап жіберіпті. Кейін белгілі болғаны, марқұм орталықтағы мекемелердің бірінде хатшы болып қызмет атқарып жүрген екен. Әзірге оны кім, не үшін, қалай, қашан өлтіргені белгісіз. Тіпті мәйітті алғаш кім тапқаны жөнінде де айтылып жатқан жоқ. Тек ұзынқұлақтан бұл қылмысқа қатысты екі жігіт ұсталды дегенді естідік. Бірақ ол мәліметтің де қаншалықты рас-өтірігін білмейміз. Жас қыз мас болып әжетханаға өзі түсіп кетіпті деп қылмыстық істі жауып тастамаса болар еді деген күдік бар. Бірақ олай істей алмайтын шығар?- деп жазады медиа-портал.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін аталмыш редакция Шардара аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Аппаз Тұрғанбаевқа хабарласып, болған оқиға жөнінде айтып беруді сұраған.
Аудандық полиция басшысының айтуынша, «Марқұмның денесінде ешқандай жарақат жоқ. Қыз байқаусызда әжетхана тесігіне түсіп кеткен. Шымкентте тағы да қосымша сараптама тағайындалды.
Қыздың салмағы 44 келі, бойы 150 сантиметр екен. Ал әжетхана тесігінің ені 25, ұзындығы 55 сантиметр екені анықталды. Сөмкесі мен телефонын кірген жерде есік алдына қойған. Бір күн жатып қалыпты, кейін сол жердегілер байқаған.
Қызды біреулер өлтіріп әжетханаға тастапты деген – бекер әңгіме, ұсталған да адам жоқ. Тағы айтамын, мәйітте ешқандай да жарақат жоқ. Денесінде де зорлық-зомбылық ізі жоқ»,- депті А.Тұрғанбаев.