Енді домбыраны ұялы телефоныңыздан тартып, ән шырқауыңызға болады. Егер үйренгіңізге келсе, тегін жүктеуге де мүмкіндік туып отыр. «Apple» компаниясы мақұлдаған бұл бағдарламаның авторы – оңтүстікқазақстандық ІT маман Нұрлан Қамбар. Өнертапқыш жігіт аталған бағдарламаны жуырда ғана АҚШ-тағы «Apple» компаниясына мақұлдатып, авторлық құқық иесі атанды.
Бүгінде Нұрлан Бауыржанұлы Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы Университеттің ақпараттық жүйелер мамандығының 2- курсында оқиды. Жастайынан оқуда озат болып, зейіні зерек өскен Нұрланның алдағы арманы — атақты ІT маман атану.
Домбыраның электронды нұсқасын ойлап тапқан 20 жасар жігітке бұл идея Астанадағы ЭКСПО көрмесіне барғанда келіпті. Нұрланның бұл идеясын іске асыруға «қазақстандық Стив Джобс» атанып кеткен Арман Сүлейменов ақыл-кеңес беріпті.
«Қазіргі таңда қазақ жастары жаңашылдыққа ұмтылып, жаңа технологияларды игеруге күш салып жатыр. Солардың бірі ретінде мен де өз бағымды сынап көруді жөн санап, алғашқы еңбегімді жүзеге асыруға тырыстым. Бұл бағдарламаның бір ерекшелігі – домбыра үйренуге әрі домбыра жоқ жерде ұялы телефоннан күй немесе ән тартуға мүмкіндік береді. Аталған бағдарламаны мына сілтемеден https://itunes.apple.com/us/app/dombra/id1265753404?l=ru&ls=1&mt=8 тегін жүктеп алуыңызға болады», — дейді өнертапқыш.
Бүгінде ол жазғы демалыс кезеңін пайдаланып Астана қаласындағы Назарбаев университетіндегі ІT мамандардан арнайы сабақ алып жүр.