"10 күннен соң көктем": Өңір әкімдері су тасқынана дайын ба - kaz.caravan.kz
  • $ 514.94
  • 583.74
+19 °C
Алматы
2025 Жыл
14 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"10 күннен соң көктем": Өңір әкімдері су тасқынана дайын ба

"10 күннен соң көктем": Өңір әкімдері су тасқынана дайын ба

Екі аптадан соң көктем келеді, еліміз өткенінен сабақ алды ма?

  • 18 Ақпан
  • 12
Фото: gov.kz

Биылғы көктем бірқатар әкімдердің жұмысына сынақ болғалы тұр. Өңірлердің дайындығы қандай? Caravan.kz медиа порталы толық тарқатады.

Өңірлердің дайындығы

Мамандардың айтуынша еліміздің 9 өңірін су басу қаупі жоғары. Олар: Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан, Абай, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, және Ұлытау облыстары.

Төтенше жағдай министрлігі таратқан хабарламада, су тасқыны қаупі бар аймақта 1223 елді мекен бар. Оларды қорғау үшін 576 шақырым қорғаныш бөгендері мен біліктері тұрғызылған. 822 шақырым  дренаж жүйелері, каналдар мен арықтар жөнделіп, салынды.

Автомобиль мен темір жол қатынастарында 960 су өткізу құрылысы орнатылып, ауыстырылды.

74 өзеннің қауіпті учаскелерінде 500 шақырымға жуық түбін тереңдету, жағалауды нығайту және арналарды тазарту жұмыстары жүргізілген.

Су тасқынына жедел ден қою үшін 37 мыңнан астам адам, 13 мыңнан  астам техника, 4096 су айдау және 640 жүзу құралдары бар азаматтық қорғау қызметтерінің күштер мен құралдар топтамасы құрылған. Зардап шеккендерді қабылдау үшін 3,5 мыңнан астам пункт дайындалған.

Су тасқынын болжау жүйесі іске қосылды

Бүгін белгілі болғандай, Tasqyn су тасқынын болжау және модельдеу жүйесі өндірістік қолданысқа берілді.

Бүгінгі таңда өзендердің 128 учаскесіндегі 142 су бекеті бойынша су тасқынын модельдеу жүргізіледі. «Қазсушар» филиалдары мен бассейндік инспекциялардың 114 маманы су бекеттері бойынша деректерге күнделікті талдау жасайды және оны жүйеге енгізеді.

Tasqyn жүйесі жаһандық GloFAS су тасқыны жөнінде ескерту жүйесіне біріктірілген. Tasqyn 2025 жылдың су тасқыны кезеңіне соңғы болжамды наурыз айының басында береді.

Сонымен қатар, су қоймаларынан жіберілетін су мөлшері бойынша жедел мәлімет автоматтандырылған және қауіп-қатерді ертерек ескертуге мүмкіндік беретін GloFAS жаһандық су тасқыны туралы ескерту жүйесімен біріктірілген.

Су деңгейін интерактивті картадан бақылау

Биылғы көктем де бірқатар әкімдерге сынақ болғалы тұр. Синоптиктер нақты болжам бере алмаса да бұл жолы халық әкімдерге нақты бағасын береді.

Еліміздегі өзендер , керек болса су қоймаларының су деңгейін интерактивті картадан көріп, біліп отыруға болады. Мысалы, мынау Атырау қаласы арқылы өтіп жатқан Жайық өзенінің қазіргі жағдайы. Әзірге алаңдауға негіз жоқ.

Махамбет ауылы арқылы өтетін Жайықтың деңгейі  әлдеқайда жоғары. Сілтеме арқылы бақылап көре аласыздар.

Су тасқыны кезеңіне сақадай саймыз деп айтуға ерте

«Қазір су тасқыны кезеңіне сақадай-саймыз деп айтуға әлі ерте. Осы күнге дейін тиісті шешімдер қабылданбаған бірқатар мәселе бар. Бұл әсіресе су басу қаупі жоғары аймақтарға қатысты. Қазір, ең алдымен, елді мекендердің су тасқынына нақты дайындық деңгейін тексеру керек. Әрбір елді мекенге барып, қалыптасқан жағдайды жан-жақты саралап, тиісті шаралар қабылдайтын өңірлік комиссиялар құруды тапсырамын. Барлық әкім тікелей жауап береді. Сондықтан жұмысты жандандырып, су тасқынына қарсы белгіленген шараларды нақты іске асыру қажет», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр бірқатар тапсырма берді:

Өңір әкімдіктері 1 наурызға дейін су тасқынының алдын алу және жою үшін барлық қажетті ресурстарды дайындасын. Елді мекендерден қарды ертерек шығару қажет. Су бұру арналары мен арықтарды дайындау, нөсер кәріздерін тазарту керек.

Су тасқыны қаупі бар елді мекендер топырақ үйінділерімен және арнайы қорғаныс бөгеттерімен бекітілуі тиіс. Азық-түлік, жанар-жағармай, дәрі-дәрмек және азаматтардың тыныс-тіршілігіне қажетті құралдар қорларын дайындау, қажет болған жағдайда өзендерде алдын ала жарылыс жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Су ресурстары және ирригация министрлігі болжамды деректерді ескере отырып, су қоймаларындағы судың жиналу көлемін анықтап, оларға тұрақты бақылауды қамтамасыз етсін. Қажет болған жағдайда суды алдын ала және қауіпсіз жіберу бойынша шаралар қабылдау қажет.

Шекара маңындағы мемлекеттермен бірлесе отырып, трансшекаралық су айдындарында қауіптердің туындауы туралы мәліметтермен үнемі өзара ақпарат алмасуды ұйымдастыру керек.

Премьер-министр әкімдер мен ведомстволарға су тасқыны кезеңіне дайындықты наурыз айының басына дейін аяқтауды тапсырды.

Биылғы көктем бірқатар әкімдерге сынақ

«Әрине, бұл тек қағаздағы әдемі сандар болып шықпаса екен. Әйтпесе, жалған есеп беру, қолдан статистика жасау дегенді көріп, біліп жүрміз. Ең бастысы Үкімет осы сандарды қатаң бақылауы керек. Елдегі су тасқынынан құтыламыз деп 100 қайық сатып алғаннан, осындай жағдай неге болып жатыр, неге қайталанып жатыр деген мәселеге көңіл аударуымыз керек. Әрине қайық та, басқа да құралдар керек. Бірақ осының бәрінің астында қандай себеп жатыр, соны анықтап, ауыздықтағанда ғана бір ретке келеміз деп ойлаймын»,  — деп пікір білдірді депутат Айдарбек Ходжаназаров.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Олжас Бектеновке жолдаған сауалында осыдан бір жыл бұрын елімізді алапат су тасқыны алғанда, жергілікті әкімдіктерде не бір техника, тіпті қарапайым құрал-саймандардың болмағаны айтылған. Бұл мәселе әлі де өзекті екен.

«Соның салдарынан тасқынның алдын алу жұмыстары әлсіз ұйымдастырылды. Нәтижесінде қаншама елді мекен су астында қалды. Осы оқиғадан соң біз Үкіметке жергілікті атқарушы органның коммуналдық-шаруашылық саясатын ретке келтіру бойынша нақты ұсыныстарымызды жолдадық. Бұл ретте, кез келген апаттық жағдай, әлеуметтік мәселе бола қалса, таяқтың ұшы бірінші кезекте әкімдерге тиетінін білеміз. Шынтуайтында, қала және аудан әкімдерінің құзырында білім саласына да, денсаулық саласына да ықпал ету тетіктері қалмаған», — деді ол.

Қорытындылай келе, Қазақстан биылғы су тасқыны қаупін азайту үшін белсенді дайындық жүргізіп жатыр деп айта аламыз. Дегенмен қауіп жоқ емес, халық әрқашан төтенше жағдайға дайын болуы керек.