Жарияланды: 540

Онкологиялық сырқаттар ішінде әйелдер арасында сүт безінің қатерлі ісігі бірінші орынға шығып отыр

Қазақстанда 2011 жылы 100 мың адамға шаққанда сүт безінің қатерлі ісігімен сырқаттанудың 20,6 жағдайы тіркелді. Бұл туралы бүгін Алматыда скринингтеудің еуропалық стандартын енгізу туралы баспасөз мәслихатында айтылды.

Мамандардың мәліметіне қарағанда, соңғы он жылда Қазақстанда онкологиялық сырқаттар ішінде сүт безінің қатерлі ісігі әйелдер арасында бірінші орынға шығып отыр. Әйелдер арасында бүкіл онкологиялық сырқаттар ішінде сүт безінің қатерлі ісігінің үлесі 1/4 құрады. Бүкіл қатерлі ісік аурулары ішінде сүт безінің қатерлі ісігінен қаза болғандар саны үшінші орында. Ал скрининг - сырқаттың бар-жоқтығын ертерек анықтау мақсатында дені сау адамдарды профилактикалық медициналық тексеру. Скринингтік бағдарламалардың жүргізілуі емді уақытылы бастауға және өлім көрсеткіштерін төмендетуге ықпал етпек. «Қазақстанда маммографиялық скрининг 2008 жылы енгізілген. Алайда өткен жылдан бастап қана скрининг еуропалық стандарттарға сай бола бастады, яғни маммограмма екі рет оқылады, бүкіл маммограммалар одан әрі бақылау жүргізу үшін сақталады. Скринингті дамытуда елеулі көмекті Еуропалық онкологтар мектебі көрсетіп отыр. Бұл халықаралық білім беру ұйымының мамандары біздің дәрігерлерді оқыту үшін Қазақстанға тұрақты түрде келіп отырады. Сонымен қатар скринингтік қызмет бойынша сараптамалық қолдау көрсетеді», - дейді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры, медицина ғылымдарының докторы Қуаныш Нұрғазиев. Оның айтуынша, денсаулық сақтау деңгейі жоғары елдер скринингтік бағдарламалар мен ертерек диагноз қою керектігін насихаттау арқасында науқастардың 90 пайызының өмір сүру ұзақтығын бес жылға жеткізді. Сүт безінің қатерлі ісігін маммография жасату арқылы, яғни сүт безін рентгенмен зерттеу арқылы ертерек анықтауға болады. 50 жасқа толған соң әр әйел екі жылда бір рет маммографиядан өтуге тиіс. Жасының қаншада екендігіне қатыссыз кеудеде қандай да бір ісік пайда болған жағдайда онкологқа қаралу керек. Диагноз ерте қойылған жағдайда толық емделу мүмкіндігі 94 пайызға жетеді. Осы мақсатпен Еуропа, АҚШ және Жапония елдерінде популяциялық скрининг 30 жыл бұрын енгізілген болатын. Алматы қаласыны бас онкологы, медицина ғылымдарының кандидаты Диляра Қайдарованың сөзіне қарағанда, Алматы қаласында да онкологиялық сырқаттар ішінде әйелдер арасында сүт безінің қатерлі ісігі бірінші орында. Соңғы бес жылда алғаш рет сырқаттанған әйелдердің саны 434-ден 472-ге артты. Оның ішінде аурудың асқынып кету үлесі 2007 жылғы 7 пайыздан 2011 жылы 3 пайызға дейін төмендеді. Өмір сүру көрсеткіші бес жылға ұзартылды. 2008 жылы көрсеткіш 50,7 пайыз болса, 2011 жылы 53,4 пайызды құрады. Сонымен қатар, сүт безінің қатерлі ісігімен науқас диспансерлік есепте тұрған әйелдердің саны 2008 жылы 3422 болса, биыл 3780-ге дейін ұлғайды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін