Онлайн кредит. Ол бізге керек пе? - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
+5 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Онлайн кредит. Ол бізге керек пе?

Онлайн кредит. Ол бізге керек пе?

Биылғы 1 сәуіріндегі жағдайы бойынша елдегі шағын несие ұйымдарының активі 1,44 трлн теңгеден асып үлгерген.

  • 13 Тамыз
  • 14
Фото: ашық дереккөз

Соңғы жылдары халық арасында онлайн несие алуға сұраныс артқан. Қайтара алмайтынына қарамастан қарыз алып жатқан халықтың үлесі артып келеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Қаржы сарапшысы Айбар Олжаев Қазақстанға онлайн кредит керек пе жоқ па деген сұраққа жауап берді.

Оның бірден бір себебі микро қаржы ұйымдары адамдардың төлем қабілетін тексерместен онлайн несиені бере салатынында болып отыр.

Бүгінде елімізде 239 микроқаржы ұйымы бар. Банктен несие рәсімдей алмаған аңқау халықты делдал-алаяқтар құрыққа түсіріп, осындай ұйымдарға алып келеді. Сөйтіп, микроқаржы ұйымдары көпшілік үшін пайыздық мөлшерлемесіне қарамай, ақшадан қиналғанда көмек сұрап жүгіретін «құтқарушыға» айналған.

Адамдарды көп тарту үшін оңай шарттар жасап қойған. Мысалы, жасы 18-ден асса, 10 мың теңгеден бастап 3 млн-ға дейін беретіні де бар. Статистикаға сүйенсек, бұндай ұйымдарға ұлттық банктен мақұлдау ала алмаған немесе банктердің «қара тізіміне» кіріп кеткен азаматтар жиі жүгінеді.

Осындай «майшелпектің» соңы 10 емес 100 еселеп қарызды қайтаруға алып келеді. Адамдар сөйтіп жылдар бойы қарыздың өзін емес, үстіндегі пайызын қайтара алмай дал болып жүреді.

Біздің қоғамдағы осындай проблема жаңа петицияда ашық көрсетілген екен. Петиция авторлары онлайн несие берудің кең таруына байланысты алаңдаушылық білдіреді. Олар мұндай несие алу түрінің тым қолжетімді болуы және пайызының жоғары болуы халық арасында әлеуметтік мәселенің қордаланып қалуына алып келетінін айтады.

«Қоғам ретінде бұл сын-тегеуріндерге дайын емеспіз және азаматтарды онлайн кредиттердің теріс салдарларынан қорғау үшін несие беруді реттеудің неғұрлым қатаң шараларын әзірлеп, шағын қаржы ұйымдарының қызметіне бақылауды күшейтуіміз қажет», — делінген петицияның сипаттамасында.

Бұл жерде мәселе микро қаржы ұйымдарының жұмысына толықтай шектеу қою туралы емес, онлайн несие беруді тоқтату туралы айтып отыр. Өйткені, биылғы 1 сәуіріндегі жағдайы бойынша елдегі шағын несие ұйымдарының активі 1,44 трлн теңгеден асып үлгерген.

Былтыр 40 микроқаржы ұйымы ашылған екен. Яғни, қолжетімді несие береміз дейтін ұйымдардың шаруасы жүріп тұр. Ал оның артында қаншама арандап қалған халық бар. Ең сорақысы, халықтың қаржылық сауаттылығының шамалы екенін түсінген алаяқтар ортада дәнекер болып, пайдаға кенеліп отыр.

Қалай болғанда да несие қаржыдан қысылғанда көмек болатыны жасырын емес. Бірақ халықтың қалтасын қанайтындай жағдайға жеткізбес үшін петицияның ұсынысын толықтай қолдаймын.