Көпшілік оның тілді қысқарту — бизнеске ыңғайлы деген ойымен келіспейтінін жазып жатыр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Журналист бұл туралы өзінің желідегі парақшасында мәлім етті.
«Оңтүстікте сөзді қысқартып, тілді бұзады. Қай жаққа,-деудің орнына “қаяққа” дей салады,-деп жазғыратындар бар.
Иә! Шымкент, Тараз, Қызылорда жұртында сөз қысқарту деген бар. Балалар деп созып отырмай балдар,-дейді. Қай жақ емес, қаяқ,- дейді. НЕГЕ?
Тіл бизнестік ортаға түскенде ықшамдалып, нақ күйге түседі. Өйткені саудада уақыт тапшы. Мәселе шұғыл-жылдам талқыланып, тез арада шешімі шығуы керек. Содан кеп, біз сөздерді қысқартамыз. Қалалық тіл — далалық тілден сонысымен аздап өзгешеленеді. (Меніңше, өзбек тілі — қыпшақтың тілінің қалаға бейімделген, сауда-саттыққа ықшамдалған түрі,-деп ойлаймын.)
Сөзді қысқарту тек оңтүстікте ғана емес, жалпы күллі қазаққа тән фактор. Мұны ғылымда — кіріккен-қысқарған сөздер,-дейді. Бірер мысал келтірейін; ендігіден+әрі = ендігәрі, сегіз+он = сексен, бұл+жыл = биыл, алып+бар = апар, тұрып+кел = түрегел, жаздың+күні = жаздыгүні, Орнын+басар = Орынбасар, Өмірі+ұзақ = Өмірзақ, солай+етіп = сөйтіп…
Сондықтан сөзді қысқартасыңдар, — деп ренжудің қажеті жоқ. Бұл табиғи процесс», — деп жазды ол.