ОҚО: Қарасу мұғалімдері директорларының қызметтен кетуін талап етуде - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+23 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
ОҚО: Қарасу мұғалімдері директорларының қызметтен кетуін талап етуде

ОҚО: Қарасу мұғалімдері директорларының қызметтен кетуін талап етуде

Оңтүстік Қазақстан облысының тағы бір білім ұясында шу шықты. Сайрам ауданының Қарасу ауылындағы №83  мектептің бір топ мұғалімі өз директорларының қызметінен кетуін талап етіп отыр. Олардың айтуынша, басшы болған үш жылдың ішінде білім ошағының жетекшісі қарамағындағыларды жеке шаруасына жегіп келген.

  • 29 Маусым 2011
  • 665
Фото - Caravan.kz

Сайрам ауданындағы №83 мектеп ұжымы мен шәкірттері жазғы демалысқа шыққанымен, мұғалімдердің бір тобы дамыл таппай жүр. Білім ұясы басшысының қызметінен кетуін талап етіп жазбаған жері қалмаған ұстаздар үш жылдан бері директордың дөрекілігін көріп жүрміз  дейді. Айтуларынша, білім ошағының басшысы мектеп мұғалімдеріне жеке жұмысын істетеді екен.

Гүлшат Кеңесбекова, Сайрам ауданындағы А.Байтұрсынов атындағы №83   мектептің  мұғалімі:

— Мені сабақ үстінде массаж жасауға шақыртатын, кейінгі кездерде сабақты тастап бара алмадым да. Содан кейін ол маған ерегісіп, биология пәнін алып қойды.

Сұлтанбек Әлиев, Сайрам ауданындағы А.Байтұрсынов атындағы №83  мектетің  мұғалімі:

— Сабақтарымыздан шақырып алады… машинасы  бар, екі- үш  мұғалімді, өзін, завучтарды  тасимыз.

Үш жылдың ішінде жаңа басшы 40 қызметкерді ауыстырып, ұстаздардың жүктемелерін өзіне жақын қызметкерлеріне бөліп беріп отырған көрінеді. Ол келгелі мұғалімдерден ақша жинау да жиілепті.

Жұмәлі Сазабаев, Сайрам ауданындағы А.Байтұрсынов атындағы №83   мектептің  мұғалімі:


— Әр мұғалімнен айлығынан бір пайыздан  жинайды.
Ал комиссияларға деп мың теңгеден,  1,5-2 мың теңге. Бірнеше мәрте  3  мың теңгеден жинадық. Сосын мұнда жаңа мектеп салды ғой, әр мұғалімнен «тезірек бітіру үшін жоғары жаққа береміз» деп  3 мың  теңгеден жинады.

 Ал мектеп директоры мұның бәрін  «жала»дейді. Прокуратурадан бастап, партия бөлімшесі сияқты 19 құзырлы орынға арызданған 20 шақты ұстаздың хаты бойынша арнайы тексерулер де жүргізіліпті. Бірақ шағымда көрсетілгендердің көбі расталмаған.

Жанат Өтембаева, Сайрам ауданындағы А.Байтұрсынов атындағы №83   мектептің  директоры:

— Олардың айтқанының бәрі жала, өздерінің адамын директор етіп қоймақшы.  Бір-ақ талап. Ол талапты айта алмай тұр.

Айтқандай, ұстаздардың арызы бойынша мектепте тексеру жүргізген құзырлы органдар мектеп директорына тиісті шара қолдануды аудандық білім бөлімінің еншісіне қалдырыпты. Олар мектеп басшысына қатаң сөгіс жариялаумен шектелген. Енді мектеп директоры  өз абыройын сотта қорғамақ. 

Соңғы жаңалықтар