Төлеби АІІБ кезекші бөліміне 44 жастағы азамат арызданған. Онда өткен жылдың жазында жайылып жүрген 29 бас жылқысын біреу ұрлап кеткені көрсетілген. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі жалпы 6 миллион теңгеден асқан. Аталған жайт Төлеби АІІБ тіркеліп, ҚР ҚК 188-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қылмысты ашу мақсатында тәжірибелі полицейлерден жедел-іздестіру тобы құрылған. Төлеби АІІБ тәртіп сақшылары жүргізген жедел іс-шара нәтижесінде мал ұрлығына күдікті екі барымташы ұсталды. Олар 1968 және 1969 жылы туған Шымкент қаласының және Төлеби ауданының тұрғындары. Тергеу барысында анықталғаны, күдіктілер мал иесінің жоқтығын пайдаланып жылқыны жайылымнан Арыс ауданына айдап әкеткен. Сонда сатып, ақшасын өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Қазіргі таңда полицейлер күдіктілердің өзге де қылмысқа қатыстылығын тексеруде. Айғақты зат ретінде ұрланған малдың бір бөлігі иесіне қайтарылды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.