Жарияланды: 400

ОҚО-да дүлей жел 2 мыңнан аса шаңырақтың шатырын қиратты

Оңтүстік Қазақстан облысында да дүлей жел екі мыңнан аса шаңырақтың шатырын қиратып кетті. Созақ ауданында бұрын-соңды болмаған дауыл тұрып, бірнеше елді-мекен едәуір зардап шегіп отыр. Тек, алдын-ала есеп бойынша келтірілген залал мөлшері 800 миллион теңгеден астам.

Берік Оспанов, ОҚО әкімінің орынбасары:

- Барлық жағдайды біз бюджеттен көтере алмаймыз. Көп мәселелерді заң көтере алмайды.Соған байланысты, қазір біз тапсырма бердік. Облыстық қор құратын боламыз осы зардап шеккен халыққа көмек көрсету жөнінде. Басқа өңірлердегі жағдайды ескере отырып, біз өзіміздің күшімізбен бәрін алып шығамыз деп жоспарлап отырмыз.

Секундына 30 метрге дейін жылдамдықпен соққан желдің екпініне жоғары кернеулі электр бағандары да дес бере алмай, сынып кеткен. Салдарынан Созақ ауданы екі тәуліктей жарықсыз қалды. Табиғи апат салдарынан аудандағы 19 мектеп, 5 балабашқа және 10 емдеу мекемелері шатырсыз қалып, 2 мешітке де қатты зақым келген. Дауылдан көшедегі көліктерді де аударып кетіпті. Үш адам түрлі жарақатпен ауруханада жатыр. Табиғаттың тосын мінезі алдымен желдің өтінде тұрған Аққолтық ауылына ойран салған.

Есенжол Әбілқасым, Аққолтық ауылының тұрғыны:

- Мына жүк мәшинесін, желдің күштілігі сонша, анау тұрған сарайға 20 метр жерге жел жылжытып, төбесіне апарып қиратып тастады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін