Естеріңізге салайық, оқиға Түлкібас ауданында орын алған болатын. Жергілікті мәслихаттың 62 жастағы қос депутаты Өтепбай Маткәрімов пен Айтбек Меңлібеков өзара төбелесіп, мемлекетік қызметкерге және ақсақал деген мәртебелі атқа лайықсыз әрекетімен көпшіліктің жағасын ұстатқан еді.
"Мен оның (Өтепбай Маткәрімовтің. – Авт.) кабинетіне амандасу үшін кіргем, біреумен телефонмен сөйлесіп жатыр екен. Мені жамандап, жалған айыптап жатты. Тыңдап болған соң мұнысының дұрыс емес екенін түсіндіріп айтпақ болған едім, қолын ала жүгірді", — дейді жәбірленген Айтбек Меңлібеков.
Дегенмен, Маткәрімовтің өз айтары бар.
"Ол менің кабинетіме қалайша дыбыссыз кіріп келгенін түсінбеймін. Айтбек келе салысымен маған дөрекі сөйлей бастады, жағадан алды. Біз алдымен ерегісіп, кейін арпалысып кеттік, жерге аунадық. Күресіп жүріп басымыз еденге де, қабырғаға да, жұмыс столына да, тіпті терезенің жақтауына да тиді. Ол мені қылқындыра бастады, мен ақталмаймын әрине, соққыға мен е соққымен жауап қацтардвм", — дейді депутат Маткәрімов.
Екеуінің сөзінен ұққанымыз, олар бұрыннан достық қарым-қатынаста болған екен. Жұмыс бабымен ұрысып-ренжіскен кездері де аз болмаған. Бірақ, дәл бұлайша бір-біріне жұдырық алып жүгіруі алғаш рет.
Ал, төбелеске Темірбастау ауылының әкімін тағайындау мәселесі себеп болған көрінеді.
"Ол маған әкім етіп біреуді тағайындаймыз деді де, мүлдем өзге адамды әкеліп қойды. Мен бірақ, оған ренжігенім жоқ. Біз мұнан кейін барлық депутаттармен бірге отырып әдеттегідей шай іштік. Әзілдестік, күлдік, ойнадық. Ал, арада үш күн өткеннен кейін ол біреуге телефон соғып, мені жалған айыптап жатты: әкімнің орны үшін мен бірнәрсе талап етіппін. Бұл барып тұрған жала, мен ешкімнен ешнәрсе сұраған жоқпын және жалған айыптауға шыдай алмаймын", — дейді Меңлібеков.
"Біз ауыл әкімін таңдадық. Бұл ауыл Меңлібеков екеуміздің территориямыз. Сондықтан, екеуміздің де мүддеміз бар. Бірақ, екеуміздің көздегеніміз бір — дұрыс адамның әкім болуы. Сайлау нәтижесінде Меңлібековтің үміткері жеңіліп қалды. Бірақ, соған қарамастан біз дауласпай қол алысып, артынша шай іштік", — дейді Маткәрімов.
Айта кетейік, депутаттардың ісімен қазір тек құқық қорғау органдары емес, аудандық мәслихаттың этика жөніндегі комиссиясы да айналысып жатыр. Екеуі де бір-бірінің үстінен ішкі істер органдарына шағым түсірген.