Облыстық кардиологиялық орталық жанына 2009-шы жылы салынған қосымша ғимарат қабырғасында алғашқы жарықтар былтыр күзде пайда болыпты. Содан, сызат ұлғайып, қабырға бірнеше жерінен қарс айырылған. Іргетасынан бастап сөгілген нысандағы жарық төртінші қабатқа дейін жетіп отыр. Қазынаның 1млрд 300 млн теңгесіне салынған 40 орындық орталықтың осы қосалқы блогында жансақтау бөлімі, қалғанында балалар мен ересектер ем қабылдайды. Құрылыстың кенеттен сыр беруі себебі әзірге белгісіз. Оны анықтау үшін құрылған арнайы комиссия ақауға ғимарат қасынан аққан арықты айыптапты. Ал Елбасының өзі арнайы көріп кеткен бұл нысанды көшіре қоятын әзірге лайықты ғимарат та жоқ екен.
Спандияр Бекжігітов, Оңтүстік Қазақстан облыстық кардиоорталығының бас дәрігері:
— Ары қарай жарылып, ғимарат құлап қалмаса деп отырмыз ғой. Басқа ғимарат жоқ. Енді, «қауіпті, болмайды, көшіңдер» десе, ол кезде көреміз ғой. Онда дәл сол корпусты босатып, ауруларды шығарып, сондай жағдай жасаймыз.