ОҚО-да қар артынан жауған жаңбырдан су көтеріліп, 50 үйді басып қалды
|
Айтып келмейтін жау қайтып келді! Табиғаттың тосын мінезінен тағы да Оңтүстік Қазақстан опық жеп отыр. Қар артынан жауған жаңбырдан соң су көтеріліп, Сарыағаш ауданындағы 50 шақты шаңырақты басып қалды. Түн ортасында келген топан судан қорадағы мал қырылған. Қызыл судан кезекті рет зардап шеккен тұрғындар жыл сайынғы болатын тасқыннан тиісті сабақ алмаған жергілікті билікті кінәлап отыр.
- Мына екі үйді осымен үшінші рет су алып жатыр. Былтыр су кіргенде көрсетіп, суреттерін де апарғанда да «су кірмеді» деп ақпарат беріп қойған.
Табиғаттың тосын мінезінен тағы да Сарыағаштықтар сан соғып қалды. Сенбі күні кешкісін борандатқан қардың арты жаңбырға ұласып, тоң боп қатқан жерге сіңе алмаған су сайға толып, сосын ауылға лап қойған.
Пазылхан Бекмұратов, Жылға ауылының тұрғыны:
- Түнде сағат 12-де келіп інім терезені қағады. Тұрсам есіктің алдына су кеп қапты. Белден келеді су есіктің алдынағы. Соны, кейін бала-шағамызбен 5-6-уымыз бір-бірімізден ұстасып ары өттік.
Алдын-ала мәлімет бойынша, Сарыағаш ауданының бір ғана Жылға ауылында елу шақты шаңырақ пен қора-қопсы суда қалған. Әзірге топан суға төтеп бере алмай, екі үй құлап қалғаны белгілі. Аязды күні апаттан қашқан бірнеше тұрғын ауруханада жатыр. Арасында жүкті әйел де бар.
Бұқарбай Парманов, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары:
- Екі қабат әйелді аудандық ауруханаға жатқыздық. Қалғанының бір-екі балаларын денсаулығына байланысты емдеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қалғандарының барлығы туыстарының үйіне жатқызылып, өзіміздің көмектерімізді беріп жатырмыз.
Тосыннан келген тілсіз жаудан тосырқап қалған тұрғындар қорадағы малын да құтқарып үлгермепті.
Бекжаппар, Жылға ауылының тұрғыны:
- Сиырларды айдап ем шықпады. Одан кейін сиырларды тастадым да, өзім төбеге қарай кеттім. Аяғым тырысып, тамырым тартылып қалды да мұздап, одан кейін шамам келмеді. Малға келе алмадым. Не болғанын білмеймін.
Салдарынан қорадан шыға алмаған екі жүздей уақ мал қырылып қалған. Ірі қара да бар арасында. Топан су алған ауыл тұрғындары тағы да туыстарын жағалап, тентіреп қалды. Төтенше жағдайдың жылда қайталанып, жұрттың жиі жапа шегуін жылғалықтар «жергілікті атқамінерлердің шала тірлігінен» деп отыр.
Мұхаббат Шерматова, Жылға ауылының тұрғыны:
- Былтыр да осындай жағдай болған. Ешқандай көмек болған жоқ. «бір шара қолданамыз», деп еді шара қолданған жоқ. Бірақ, дамбы, көпір салды. Шала бәрі. Көмегі болған жоқ. одан асып түсіп кетті судың бәрі.
Қазір ауданда апат ауқымын анықтайтын арнайы комиссия жұмысын бастады. Оған қоса, алдыңғы жылдары табиғи апат кезінде зардап шеккен аудандарға бөлінген қаражаттың қаншалықты мақсатты жұмсалғаны да тексерілуі тиіс.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін