ОҚО-да тұраққа таласқан такси жүргізушілері жаға жыртысуда
|
Оңтүстік Қазақстанда такси жүргізушілері тұраққа таласып жатыр. Ордабасы ауданында орын алған осынау оқиға барысында жолаушы тасымалымен айналысатындардың арасында жаппай жұдырықтасу да болыпты. Жарақат алғандар да бар. Ал жергілікті билік «тендер өтпеді» деп, такси жүргізушілерін төбелестіріп қойып, аузын құрғақ шөппен сүртіп отыр.
- Қалай білмейсің сен?! Ініңнің жарақат алып жатқанын білмейсің ба не?!
- Ол басқа болған...
- Жаңағы ұрған бала қайда? Газельдің баласы. Мына жерде боқтап, ұрған балаң!
Мына тұрған Темірланның такси жүргізушілері тұрақ үшін төбелесуге дайын. Өндірісі жоқ ауылдағы бұл ағайын Шымкентке жолаушы тасымалдап күн көреді. Енді, 20 жылдан бері айналысып келген кәсіптерінен соңғы екі айда береке кетті.
Қанапия Кетебеков, такси жүргізушісі:
- Мынау «Асыл» фирмасы келіп, әкімшіліктің келісімімен келіп, біздің ол жақтағы тұрағымызды алып қойды. Енді бізге «жүрмейсіңдер» дейді. «Үш мың сомнан ақша төлейсіңдер» дейді. Медигі жоқ, механигі жоқ – оған үш жүз теңге тағы төлейсіңдер дейді. Сөйтіп бізді қыспаққа алып жатыр бұл жерде. Әкімшіліктің қолдауымен күш көрсетіп. Бір адамдарды ұрып та жіберді.
Ордабасы ауданының орталығынан түрлі бағытқа жолаушы тасымалдайтын «Ақниет» фирмасы көлік жүргізушілерінің айтуынша, бұл тұрақты 2016-шы жылға дейін тендерден жеңіп алған. Алайда, осы тұрақтан дәмелі екінші компания директоры ауданның уәкілетті органымен келісімшарт жасасып, өзінің заң әрпінен айнымай жұмыс жүргізіп жатқанын алға тартты.
Қайрат Үкібасов, «Асыл» ЖШС директоры:
- Жоғары соттың шешімі бар- олардан бағыттардың бәрін алып қойған. Қазір бұлар жалған атпен. Ешқандай бұл бағытқа қатысы жоқ.
Аудандық көлік және автомобиль жолдары бөліміне бас сұғып, ұққанымыз айтылған тұрақтан таксилетуге екі жақтың да тиісті құжаты жоқ екен. Осылайша, екі жақтың жүргізушілерін төбелестіріп қойған жергілікті билік аузын құрғақ шөппен сүрте салды.
Бақберген Бекпейісов, Ордабасы аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы:
- Біз бұған дейін екі рет аудандық газетке, одан кейін бір рет облыстық газетке бергенбіз тендерге. Бұл жерде әлеуетті өнім беруші шықпағаннан кейін бұл мәселе тоқтап тұр. Жаңағы өздеріңіз айтқанға, такси бағытын жүргізуге ол ескертпе жасайды да көлік инспекциясы арқылы. Сол бойынша жұмыс жүргізе береді.
Жағдайды шешудің жарасы жеңіл болса тараптардың неге жаға жыртысқаны түсініксіз. Жүргізушілер тұраққа таласып жатқанда Темірланның біраз тұрғыны жолдан қалып қойды.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін