Бірі еліміздің заңына сәйкес мектеп формасын кимеген оқушыларды жазғырса, арасында оларды жақтағандар да табылды. Ал білім ошағының басшылары болса бұл ешқандай да хиджаб емес, ұлттық киіміміз деп отыр.
“Бұл хиджабқа жатпайды. Бұл әшейін ұлттық киім, бірақ біз оны әу баста бір түсті қылып келісіп алғанбыз”, – деді А. Фирдоуси атындағы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бахрудин Ниязов.
Зайырлы елдің заңына бағынбай мектеп формасын неліктен өздеріне ыңғайлап алғанын білу үшін аудандық білім бөліміне де бардық. Ондағылар ауылда тиісті жұмыстар үнемі жүргізіліп жатқанын айтады. Ата-аналармен бірнеше мәрте кездесіп, білім туралы заңның талабы түсіндіріліпті. Нәтижесінде өткен оқу жылында бірінші және екінші сынып оқушылары бірыңғай мектеп формасына көшкен.
“Әрине рас, осы уақытқа дейін өздерінің ұлттық киімдерін киіп жүрген. Бірақ, ол хиджаб емес, орамал”, – дейді Мақтарал аудандық білім бөлімінің басшысы Лесхан Қойлыбаев.
Жалпы, Фирдоуси атындағы орта мектепте 600-ден астам оқушы білім алады екен. Оның 33-і биыл мемлекеттік емтихан тапсырды. Басты сынаққа қыз балалар әдеттегідей мектеп әкімшілігі рұқсат берген киім үлгісімен келген. Ауыл ақсақалдары олардың үйде де, көшеде де ұлттық киіммен жүретінін айтады.
Ал аудандық білім бөлімінің басшылығы жаңа оқу жылында бәрі басқаша болады деп отыр.
“Алдағы жылғы 1 қыркүйектегі алғашқы қоңырау салтанаты қарсаңында бірыңғай мектеп формасына көшу мәселесі шешілетін болады”, – деді Лесхан Қойлыбаев.
Қазіргі таңда мамандар оқушылардың ата-аналарымен, ауылдың бетке ұстар адамдарымен сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал білім туралы заңның талаптарын елемегендер жауапқа тартылатын болады.