Уақытша қамау абақтысында жатқан қызылордалық мұғалім Әкпар Исахаев оқушы қызға азғындық әрекет жасамағаны, жаладан жазықсыз күйіп отырғаны жөнінде хат жазды, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.
Хатта (сөзбе-сөз): «Мен Исахаев Акбар №189 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі, жоғары категориялы, 34 жыл стажым бар. 6 «ә» сынып оқушысы сабақ үстінде тақтаға есеп шығару барысында денемді ұстады деп жала жапты. Сынып жетекшісі оқушылардың білімін байқау үшін үнемі сабаққа қатысып отырды. Қалған оқушылар сотта ондай жағдай мұғалім тарапынан болған жоқ деп куәлік берді. Тергеуші менің саусақ іздерімді қасақана сараптамаға жібермеген. Менің еш күнәм жоқ, екі мектепте жұмыс істеймін, күніне 150 оқушыға сабақ беремін. Тақтаның дәл қасында 4 терезесі бар есік орналасқан. Коридорда жүрген кез келген адам кластағы жағдайды көре алады. Оқиға желтоқсан, қаңтар айларында болды деп көрсетілген. Онда суық болып оқушылар сырт киіммен отырды. Сот әділ шешім шығармады. А.Исахаев», – делінген.
Әкпар Исахаевтың заңды өкілі әрі баласы Ержан Исахаев кеше Қызылорда қаласындағы уақытша қамау абақтысында әкесімен кездескенде осы хатты қолына ұстатып жібергенін айтады.«Әкем қатты ренжулі. Бостан-босқа, жазықсыз отырмын дейді. Біз енді істі қайта қарау үшін апелляцияға бердік. Айдың соңында қорытындысы белгілі болады. Үмітті үзбеймін, әділ үкім күтеміз», – дейді ол.
Естеріңізге сала кетейік, «Қыз балаларға азғындық жасамақ болды» деп айыпталған қызылордалық мұғалім Әкпар Исахаевтың 10 жылға бас бостандығынан айырылғаны жөнінде жазған еді. Алайда, оның қорғаушысы және жақындары, Белкөл ауылының тұрғындары 35 жылдық еңбек өтілі бар ұстаздың үстінен тағылған айыппен келіспей отыр.