Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Мамандардың бағалауынша, Деркөл өзенінің гидробекетінде су деңгейі 708 (қауіпті деңгейі – 600-650 см), Шағанда 1 264 сантиметрге, сондай-ақ Жайықта 583 сантиметрге жетті.
Шаған және Деркөл өзені бір арнады толық тоғысты. Жайық өзенінің көтерілуі және аталмыш екі өзеннің тоғысуы судың ағыспен кетпей, сыртқа шығуына алып келді.
Соның салдарынан өзен сулары арнаға сыймай, Орал қаласындағы Самал шағын ауданына жайыла бастады.
Қазіргі уақытта Самал шағын ауданының тұрғындарын қауіпсіз жерлерге, эвакуациялық пункттерге көшіру жүргізілуде. Төтенше жағдайлар мен коммуналдық қызмет мамандары жұмыс істеп жатыр.
БҚО әкімі Нариман Төреғалиев Самал шағын ауданына барып, жағдайды жіті бақылауда ұстап отыр. Тиісті жұмыстар жүргізілуде.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, құтқарушылар Деркөл кенті қазақ-түрік лицейі ауданы және «Самал 3» шағынауданында аулаларды қарап шықты. Тұрғындардың жартысынан көбі туыстарына алдын ала кеткен. Қалғандары эвакуациядан бас тартты.
«Жарық бар, тұйықталудан қамтамасыз етілді. Эвакуациялауға БҚО ТЖД жеке құрамы, апаттар медицинасы орталығы, № 28237 әскери бөлімі, Ұлттық ұланның № 5517 әскери бөлімі, аумақтық қорғаныс арнайы техникалармен қатысуда. Облыс және қала басшылары, ТЖД бастығы оқиға орнында. Төтенше жағдайлар, полиция департаменттерімен кезекшілік ұйымдастырылған. Тұрғындардан дүрбелеңге түспеуді, төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарына сәйкес әрекет етуді және қажет болған жағдайда қауіпсіз жерлерге көшуді сұраймыз. Көмек қажет жағдайда 112 телефонына хабарласуға болады», – деді департаменттің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар су басу қаупі төнген Теректі ауданы Ұзынкөл ауылынан 705 адам көшірілсе, соның 230-ы – балалар. Олардың 685-і (223-і – балалар) туыстарына кетсе, қалғандары Теректі ауданы Подстепный ауылындағы және Орал қаласындағы мектептерге орналастырылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда суға кеткен үйлер саны 500-ден асқанын жазған болатынбыз.